Ақмола облысындағы ауыл тұрғындары жоқ интернетке ақша төлеп отыр
Ақмола облысындағы бірнеше елді мекенде интернет нашар, деп хабарлайды 24KZ. Тіпті қала іргесіндегі ауылдардың өзінде ғаламтор желісінің жылдамдығы мардымсыз. «Салдарынан балалар сабақ оқуға қиналады», – дейді тұрғындар.
Ұялы байланыс пен интернет тауқыметін тартып отырғандардың бірі – Зеренді ауданына қарасты дәл осы Бірлестік ауылы. Елді мекен облыс орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, соңғы жылдары мұнда ұялы байланыс нашарлап кеткен. Ал ғаламторға кіріп жұмыс істеу мүлдем мүмкін емес дейді.
500-ге жуық тұрғыны бар Бірлестік ауылындағы басты мәселенің бірі – интернет. Осыдан үш жыл бұрын елді мекенге байланыс антеннасы орнатылған. «Бірақ оның пайдасы шамалы», – дейді тұрғындар.
Нұртай Мұқышов, ауыл тұрғыны:
- Интернет жоқ. Балалар елде тұрғысы келмейді. Шетке кетіп жатыр. Енді қазір мынадай заманда қайда барсан интернет қой.
Жоқ интернетке ауыл тұрғындары ай сайын қаржы төлейміз деп ашынып отыр. Оның үстіне тариф күрт қымбаттап кеткен.
Мирас Қаркенов, ауыл тұрғыны:
- Мен 3300 теңгеден бастаған болатынмын. Биылғы жылы 5600 теңгеге көбейді. Бірақ одан ешқандай нәжиже көріп тұрғаным жоқ.
Ғаламтордың жоқтығы тек оқушыларға емес, мұғалімдердің де жұмысына қолбайлау болған. Яғни ұстаздар білім беру платформаларына кіру үшін сағаттап отыратынын жасырмайды.
Жергілікті билік Бірлестік ауылындағы ғаламтор мәселесін біледі. Байланыс операторының өкілдері де интернет жылдамдығын арттыруға күш саламыз деп уәле беріпті. Бірақ нақты қашан шешілетінін дөп басып ешкім айтпады. Жалпы қазір өңірде «қолжетімді интернет» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жауаптылар жоба аясында өңірді сапалы интернетпен қамтимыз деп отыр.
Олжас Қами, облыстық Цифрландыру басқармасының «Smart Aqmola» КММ бөлім басшысы:
- Қазір бұл жобаға 80 мыңға жуық тұрғыны бар 102 ауыл кіреді. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытында тағы бір жоба қолға алынды. Оның аясында 279 ауылды сапалы интернетпен қамтуды көздеп отырмыз.
Биыл өңірдегі республикалық маңызы бар 3 жолға талшықты-оптикалық антенна орнатылмақ. Сондай-ақ Бурабай ауданындағы ұялы байланысты жақсарту жоспарланып отыр. Қазір онда 8 байланыс антенасы орнатылып жатыр. Айта кету керек, аймақ халқының 82% кең жолақты сапалы интернетпен қамтылған.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный