Алматыда «Көктем көркі – қызғалдақ» фестивалі өтті
Алматыда «Көктем көркі – қызғалдақ» атты қалалық фестиваль өтті, деп хабарлайды 24KZ. Мыңнан астам оқушы гүл шоқтарын құрастырып, костюмдер дайындап, көктемгі пейзажды салды. Іс-шарада ерте көктемде гүлдеп, қорғауды қажет ететін қызғалдақ, құртқашаш, бозғалдақ сияқты сирек кездесетін өсімдіктер назарға алынды.
Оқушылар сарайының экологиялық-биологиялық бөлімі бүгін гүлге оранды. Костюмдер байқауына қатысушылар көктемнің әдемілігін айшықтайтын түрлі гүлдердің кейпіне енген. Ал мына жерде оқушылар түрлі гүлдерден композициялар жасады. Олардың әр қимылынан табиғи сұлулыққа деген қамқорлықты байқауға болады. «Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді қорғау осындай тәрбиелік мәні бар шараларда қалыптасады», – дейді ұйымдастырушылар.
Бауыржан Бектаев, Алматы қ. Оқушылар сарайы экологиялық-биологиялық бөлім жетекшісі:
- Мақсаты – бұл табиғатты аялау. Балаларды табиғатты қалай сақтау керек екенін, болашақ ұрпаққа, ертеңгі күнге не қалдырып кетеміз деген ой туу үшін осындай іс-шаралар өткізу өте маңызды.
«Көктем көркі – қызғалдақ» фестивалі жыл сайын өтеді. Оны Оқушылар сарайының экология-биология бөлімі ұйымдастырады. Биыл балалар бірден төрт байқауға қатысты: гүл композицияларын жасап, костюмдер тігіп, ән айтып, акварельмен қызғалдақтар салды.
Аиша Алдамжар, «Көктем сыйы» байқауына қатысушы:
- Негізінен осы қатысып жүргеніме 1-2 жыл болды. Әр жылда қатысуға тырысамын. Өзіме қатты ұнайды. Бүгінгі жасаған туындымда мен негізінен көптеген гүлді және де басқа да өсімдіктерді қолданған болатынмын. Мысалыға, көріп тұрғандарыңыздай, түймедақтар бар және де, кішкентай болсын, бір «тюльпан» гүлін қолданғанмын.
Фестиваль мектеп оқушыларын шығармашылыққа ғана емес, экологиялық сауаттылыққа да үйретеді. Байқауға қатысқан әрбір бала көктемгі гүлдерді табиғатта қалай сақтау керектігі туралы ақпаратқа қанықты.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон