«Халық өте бауырмал». Ағылшындар Қазақ елін сағынышпен еске алады
Елден жырақ кетсе де, қасиетті қазақтың топырағы мен дәм-тұзын әлі қадірлейтін халықтар жер-жаһанның түкпір-түкпірінде баршылық. Солардың бір шоғыры бұрын Қазақстанда жұмыс істеп, кейін Ұлыбританияға оралған ағылшындар Қазақ елін елін әлі сағынышпен еске алады. Дарқан көңілді қазақ халқының қонақжайлығы мен бай мәдениеті олардың мәңгі есінде. Ұлыбританияда сондай-ақ шетелдіктер алдында ұлттық өнерімізді паш етіп жүрген қандастарымыз да бар.
Қазақстан – татулықты бақытқа балаған, ымырашылдықпен ырысты арттырған мемлекет. Бұл елімізге жұмыс бабымен немесе саяхаттап барған шетелдіктердің пікірі. Оларды ешкім жатырқап алаламаған. Қайта керісінше, құшағына басып, зор қошемет-құрмет көрсеткен.
Робин Уинтер кезінде Қазақстанда жұмыс істеген. Қазір жергілікті ауруханада еңбек етеді. Науқас балаларға білім беретін арнайы мектепте емтихан қабылдайды. Орта жастағы жігіт ағасы Лондонда қазақ көрсе қуанады. Қазақ елін үнемі насихаттап жүреді.
Робин Уинтер, Лондон тұрғыны:
- Мен бұл бас киімді Ақтаудан сатып алғам, тастамай киіп жүрем. Маған қазақтың ұлттық тағамдары ұнайды. Әсіресе ет асу. Қазақстанда мал cоюды үйренгенім бар. Қазақ халқы өте бауырмал. Жомарттығына да риза болдым. Өмірімде қазақтардай сыйлық сыйлап, құрмет көрсеткен ұлтты көрмедім. Бұрын тек туған күн, Рождество және Пасха мерекелерін тойлаушы едім, енді олардың қатарына Наурыз мерекесі де қосылды.
Қымбат Мәдениет Қытай қазағы. Ол әлемнің озық оқу орындарының бірі Лондонда магистратурада оқып жатыр. Қандасымыз қазақтың қара домбырасын алты жасынан жанына серік еткен. Қос ішекті аспапты үнемі өзімен бірге ұстап жүреді. Күнасты елінен Тұманды Альбионға да ала келген. Мақсаты – бай мәдениетімізді шетелдіктер алдында паш ету.
Қымбат Мәдениет, Қытай қазағы:
- Әке-шешем Қытайда жұмыс істейді. Иә, барлығы сол жақта мені өте қолдайды. Қазір оқумен бірге домбыраны да ұмытпай, күнде машық қылып жүрмін. Үйде, Қытайда негізі әке-шешем маған қытайша сөйлеткізбейді. «Үйде болған соң енді қазақша сөйле», – деп. Бірақ мына мектеп болсын, барлығын өзім қытайша бітіргем. Бірақ үйде қазақша сөйлейміз. Одан кейін домбыра, қобыз деген барлығын білем. Үйде негізі сол әке-шешем үйреткен ғой.
Географиялық жағынан бір-бірінен алыс орналасқанына қарамастан Қазақстан мен Ұлыбританияны біріктіретін ортақ құндылықтар көп. Солардың бірі – ұлтаралық татулық. Екі ел де көпұлтты мемлекет. Мұнда түрлі этнос пен конфессия өкілдері өзара сыйластық, түсіністік пен төзімділік жағдайында өмір сүреді. Бейресми деректерге сәйкес Тұманды Альбионда жұмыс бабымен немесе отбасын құрып тұрып жатқан 10 мыңға жуық отандасымыз бар. Қазақ диаспорасының мүшелері Республика күнiн, Наурыз, Айт мерекелерін және, әлбетте, бірлік күнін бірге атап өтеді.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы