Елорда тұрғындары самокатты қауіпсіз айдауды үйренді
Иә, көктем келісімен самокат мініп, жолмен де, жолсызбен де жүйткитіндер көбейеді. Алайда екі доңғалақты көліктің адам өміріне үлкен қауіп төндіретінін екінің бірі ескере бермейді. Жыл басынан бері елде 50 құқықбұзушылық тіркелді. Осындай оқиғалардың алдын алу үшін елордада «Еркін қозғалыс» промо-акциясы ұйымдастырылды.
Астанадағы «Ғашықтар саябағы» самокаттар көрмесіне айналғандай. Нарықтағы үш оператор өнімдерін тегін ұсынып отыр. Бірақ акция мақсаты – самокатты насихаттау емес, жолдағы қауіпсіздікті түсіндіру. Қазір қала көшелерінде 5 мыңға тарта самокат жүр. Көбін жастар тізгіндейді. Ереже бұзатындар да осылар.
Эльдар Данияров, Астана қаласы ПД бастығының орынбасары:
- Біздің жас балалар осы көлікті өте көп қолданады. Әсіресе жазғы уақытта. Кептеліссіз тездетіп, орын-орындарына келеді. Бірақ ол көлікті қолданумен жол ережесін міндетті түрде сақтауға тиіс.
Осы мақсатта ішкі істер органдары мен Нұра ауданы әкімдігі бірлесіп, «Еркін қозғалыс» акциясын өткізді. Табиғат аясындағы іс-шараға қатысушылар самокатты дұрыс айдау жолын меңгерді. Ескеру керек ережелермен танысты. Асығудың салдары қандай болатынын көкейге түйді.
Серік Абай, оқушы:
- Самокат тебу өзіме ұнайды. Тегін самокат болған соң келдім. Өзіме қызықты ақпарат берді. Ойын түрінде жүргізді. Бәрі өте пайдалы болды. Бәрі ұнады. Керемет болды.
Самокатты 16 жасқа толғандар ғана тізгіндей алады. Бір көлікпен екі адамның қатынауына тыйым салынады. Жаяу жүргіншілер жолында самокаттан түскеніңіз абзал. Ал кешкі уақытта жүретіндерден жарыққа шағылатын элемент талап етіледі. Сондай-ақ өзгелердің қауіпсіздігі үшін самокатты көрінген жерге қоюға болмайды. Осы орайда Нұра ауданында визуалды тұрақтар орнатылып жатыр.
Әлия Әбсеметова, Астана қаласы Нұра ауданы әкімінің орынбасары:
- Пилоттық жоба қосқан болатынбыз, 10 тұрақ сол электросамокаттарға. Астана қаласы Нұра ауданы әкімінің қолдауымен сол жоба жүзеге асып жатыр.
Жол мұраты – жету. Тек асығып, жолды қысқартамын деп өміріңізді қысқартып алмаңыз. Бүгінгі промо-акция осыны үндейді. Өйткені самокат қауіпсіз көлік емес.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Абдулхамит Бөлекпаев