Қызылордада жаңа жылу электр орталығы пайдалануға беріледі

Биыл Қызылордада жаңа жылу электр орталығы іске қосылады, деп хабарлайды 24KZ. Ал ескісі консервацияға өтеді. Мамандар құрал-жабдықтардың қалыпты жағдайда сақталуын қамтамасыз етпек. 1960 жылдан бері бұл станция қаладағы екі мыңға жуық нысанды жылумен қамтамасыз етіп келді. 

Қызылорда қаласындағы ескі жылу электр орталығы 1964 жылы салынған. Оның құрал-жабдықтарының 90% тозған. Жаңа орталық іске қосылғанға дейін бұл нысан резервке қойылады. «Ал кәсіпорындағы когенерациялық газтурбиналық электр станциясы энергия өндіруді жалғастыра береді», – дейді мамандар.

Наурыз Сатханов, жылу электр орталығының бас инженері:

- КОГТЭС барлық жағдайда да қазір біз жобалық-сметалық құжаттарын дайындадық. Мемлекеттік сараптамадан оң шешімі шықты. КОГТЭС-ті жаңартып, жаңғыртып жұмыс жасатқызамыз да, ал мынау бұрынғы ескі жылу электр орталығын оларды жаңа станса қосылса, консервацияға қойылады.

Жаңа жылу электр орталығы шетелдік инвестиция есебінен салынып жатыр. Жоба құны 215 миллиард теңге. Бұл нысанда жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған.

Рауан Әбсейітов, жылу электр орталығының бөлім басшысы:

- Жаңа жылу электр орталығы сағатына 240 мегаватт электр энергиясы мен 277 гигакалория жылу өндіреді. Бұл Қызылорда өңірінің электр қуатына деген сұранысын толық қамтамасыз етеді. Энергияның бір бөлігін өзге аймақтарға да таратуға мүмкіндік бар.

Мамандардың айтуынша, жаңа жылу электр орталығының құрылысы кестеге сай жүргізіліп жатыр. Нысан іске қосылған жағдайда өңірдегі электр жүктемесі тұрақтанып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне оң әсер етеді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байдулдаев