Жамбылда шегірткеге қарсы күрес жүріп жатыр
Жамбыл облысында үйірлі шегірткенің таралу аумағы 107 мың гектардан асты, деп хабарлайды 24kz.
Осыған байланысты фитосанитарлар жәндіктің бұл түріне қарсы күресті бастап кетті. Қазір шегіртке тараған аумақтың 20%-ін дәрілеп үлгерген.
Мерей Бает, тілші:
- Аймақта биыл үйірлі шегірткенің таралуы аумағы шегіне жетіп отыр. Мәселен былтыр біз тұрған Байзақ ауданында 17 мың гектардан аса жерге химиялық өңдеу жұмыстары жасалған еді. Биыл мұндағы шегірткенің таралу аумағы 20 мың гектардан асқан.
Соңғы рет өңірде зиянкестердің таралу шегі 2017-2018 жылдары болған. «Шегірткелер шабуылы биыл да үдеуі мүмкін», - дейді Кенен Дүйсенбеков. Фитосанитардың сөзінше, бұл 7-8 жылда қайталанатын табиғи құбылыс. «Тек алқаптарды уақыт өткізбей, дер кезінде дәрілеу қажет», - дейді маман.
Кенен Дүйсенбеков, Байзақ аудандық аумақтық инспекциясының басшысы:
- Бір шегіртке бір кубышка тастайды. Ол кубышканың ішінде 35-40 данаға дейін лечинкалар болады. Химиялық өңдеу жұмыстары екінші, үшінші, төртінші жаста сол жұмыстарды бітіру керекпіз. Таралу мерзімін осы уақытта біз тоқтату керекпіз. Қанаттанып ұшса, күресу жұмыстары өте қиын болады. Бірақ біз бүгінгі күнге уақытылы жүргізіп жатырмыз.
Жамбыл облысында үйірлі үш түрлі шегіртке кеңінен тараған. Олар марокколық, азиялық және итальян прусы. Жалпы биыл зиянкестердің таралу аумағы 107 мың 600 гектардан асқан. Қазір оларға қарсы барлық ауданда дәрілеу жұмыстары жүріп жатыр.
Сәбит Жүсіпов, облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
- Әуе ұшақтарымен дәрілеу жоспарланып отыр. 69909 гектары жерүсті бүріккіштерімен химиялық өңдеу жоспарланып отыр. 2821 гектары дрондар арқылы химиялық өңдеу жұмыстары жоспарланды. Химиялық өңдеу жұмыстарының барлығы қатаң бақылауда. Ешқандай қауіп жоқ.
Аумақтық инспекция мамандарының мәліметінше, биыл шегірткеге қарсы күреске 8 тоннадан аса дәрілік химикат пайдаланбақ. «Олар зиянкесті жойғанымен өсімдікке еш зияны жоқ», - дейді жауаптылар.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә