Әскери парадқа дайындық қызу жүріп жатыр

Әскери шеруге санаулы күндер ғана қалды. Жалпы парад осыған дейін елде 7 мәрте ұйымдастырылған.

Әскери шеруге 24 парадтық есептоп қатысады. Әр жеке құрамда кіл сен тұр мен атайын дейтін сайдың тасындай жігіттер. Олар таңның атысы, кештің батысы қызу дайындалып жатыр.

Мереке Көшекбаев, ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы:

- Күніне 4 сағат дайындалады. Сағат 09:00-ден 13:00 ге дейін әрі түстеніп болғаннан кейін жеке дайындықтары болады. Ол 2 сағатқа созылады. Сонымен күніне 6 сағат дайындалады.

Парадқа бас аяғы 4500-ге жуық адам қатысады. Оған жұмылдырылатын техника саны 300-ден асады. Жауынгерлер шоғырланған аумақта 288 шатыр тігілген. Сондай-ақ 8 дала моншасы мен 11 асхана және медициналық пункт жұмыс істеп тұр.

Арсен Шаймарданов, ҚР ІІМ ҰҰ Бронды танк қызметінің бастығы:

- Ұлттық ұланнан парадқа қатысуға 13 техника жоспарланған. Бронды-доңғалақты. Олардың ішінде отандық өнімдер «Алан 2», «Барыс 6х6», «Кобра 2», «Урал» сынды техникалар бар бізде.

Әскери шеру 3 бөлімнен тұрады. Алғашқы кезеңде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жаяу әскер саптық адыммен жүріп өтеді. Екінші кезеңде тарихи және заманауи бөліктерден тұратын механикаландырылған колонналар маршы таныстырылады. Соңғы кезеңде әуе күштері Астана аспанында ұшып өтеді. Олардың негізгі дайындығы ертең және 5 мамырда Тәуелсіздік алаңында өтеді. Қорытынды жиын 7 мамырға жоспарланып отыр.

Мереке Көшекбаев, ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы:

- Осы парадты дайындау, өткізу маған жүктелді. Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы ретінде. Жаңа техника, жаңа көріністер бар. Тарихи шеру де болады. Сосын өзіміздің Қазақстанда шығарылған техникалар да болады. Оны парадта көресіздер.