Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадта авиациялық шоу ұсынылады

Жеңістің 80 жылдығына арналған шеруде ұшқыштар авиациялық шоу ұйымдастырады, деп хабарлайды 24kz.

Қазір әскери парадқа 600-ден астам Әуе күштері қызу дайындалып жатыр. Оның 200-ге жуығы ұшқыш.

Мерей Қанапия, тілші:

- Әскери шеруге еліміздің Күштік құрылымдарының атынан барлығы 66 әуе көлігі қатысады. Ұшқыштар осымен 6-шы күн қатарынан қызу дайындалып жатыр. Қазір біз де Ми-17 тікұшағына мініп, әуеге көтерілеміз.

Ұшқыштар парад кезінде 200 метр биіктікке көтеріліп, өнер көрсетеді. Әскери шеруге Ми-8, Ми-17, Ми-35 және Ми-171 мен Eurocopter EC-145 тікұшақтары шығарылады. Ұшу кезінде әр топ арасындағы арақашықтық 40 секундпен есептеледі.

Жәнібек Жұмашев, ҚР Әскери-әуе күштері қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары:

- Астана тұрғындары көріп жатыр ғой дайындықтың қалай болып жатқанын. Оңай нәрсе емес. Әр ұшқыш белгіленген уақытта белгіленген орынға, белгіленген биікте өз орнына шығу керек. Сол үшін дайындығымыз қатаң түрде өтіп жатыр. Әр секунд қымбат.

Ұшқыштардың басым бөлігі тіс қаққан тәжірибелі мамандар. Арасында әскери шеруге алғаш рет қатысқалы отырған да бар.

Әли Сейдахметұлы, ұшқыш:

- Биыл оқу бітіріп, алғашқы жақсы бастама ретінде парадқа қатысқалы отырмын.

- Сіз қай өңірден келдіңіз?

- Оңтүстік өңірден Алматы қаласынан келдік. Әсер өте қатты. Көп эмоция. Және өзімнің кәсіби мансабымдағы алғашқы үлкен белестерімнің бірі болады деп ойлаймын.

- Қобалжу бар ғой күн жақындап келе жатыр...

- Қобалжу бар. Бірақ күннен күнге бәрі есептеулі, бәрі ұшу уақыты.

Мерей Қанапия, тілші:

- Сондай-ақ Су-25 жауынгерлік ұшақтарының ұшқыштары да қазір осында. Енді олардың талаптары мүлде бөлек екені белгілі. Оны Ғабит мырзадан толығырақ сұраймыз.

- Қайырлы күн, Ғабит мырза! Ғабит мырза, сіздер парадта қанша метрлік биіктікте ұшасыздар?

Ғабит Өмірзақов, ұшқыш:

- Парад кезінде 300 метр биіктікте ұшамыз. 6 ұшақ.

- Арақашықтық қандай болады?

- Арақашықтығымыз 7 метрдей болады.

- Сонда жауынгерлік ұшақтардан 6 ұшақ қатысады, иә?

- Иә, 6 ұшақ.

- Парад кезінде барлығыңыз осы жақтан қозғаласыздар ма әлде басқа да аэродромдар іске қосыла ма?

-Парад кезінде тікұшақтар сосын жауынгерлік ұшақтар, сосын Қарағанды мен Талдықорған аэродромынан да ұшады.

- Қанша шақырым жылдамдықпен ұшып өтесіздер?

- Біздің жылдамдық 500 км сағатына.

Айта кетейік, парадқа Әскери-әуе күштері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінен және «ҚазАвиаҚұтқару» қызметінен 66 әуе көлігі қатысады. Қосымша резервтік ұшақтар мен тікұшақтар да қарастырылған. Оларға 400-ден астам маман инженерлік-техникалық қызмет көрсетеді.

Авторлары: Мерей Қанапия, Ғалымжан Абдулахат