Абай облысы Тассай ауылында жарық жиі сөнеді
Абай облысындағы Тассай ауылының тұрғындары сәл жел тұрса сөніп қалатын электр желісін жаңартуды сұрайды.
Жергілікті жұрт әкімдікке шағым айтқалы 10 жылдан асқан. Бірақ жауаптылар түрлі сылтау айтып жұмысты кейінге шегеріп келеді. Мәселе қашан шешімін табады?
Әлия Байжұманованың Тассай ауылында дүкені бар. Оның айтуынша жарық жиі өшетіндіктен кәсіпкерлер зардап шегіп отыр. Электр энергиясы сағаттап болмаған кезде тоңазытқышта сақталатын тауарлар бүлініп, талай мәрте шығынға баттық, дейді.
Әлия Байжұманова, Тассай ауылының тұрғыны:
- Ақшаға алуын аламыз ғой. Бұзылады, бұзылғанын шығарамыз енді. Свет өшкен кезде мороженоемыз еріп кетеді бірталай. Оны шығарамыз оны қайтадан апарып өткізе алмаймыз ғой. Оны өзіміздің мойнымыздан шығарамыз.
Тассай ауылында 234 үй бар. Жарыққа қатысты халық шағым айтқалы он жылдан асқан. Бір өшіп, бір жанған жарықтың кесірінен несиеге алған тұрмыстық техникамыз да жиі істен шығады, дейді жұрт.
Қуан Түсіпбеков, Тассай ауылының тұрғыны:
- Қайта-қайта өшіп, жастар светсіз жұмыс істей ме. Қазір телевизор көреді, интернеті бар, холодильниктері бар. Малын салады сойып, күнде мал соймайды сасып кетеді. Лақтыруға тура келеді. Свет болмай қалғаны ауыл үшін өте қиямет.
Владимир Захаров, Тассай ауылының тұрғыны:
– Сәл жауын жауса жарық өшіп қалады. Кейде себепсіз де сөндіріп тастайды. Біз сұрасақ дұрыстап жауап бермейді. Қысы-жазы солай.
Бүгінде ескірген электр желілерін ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжат жасалған. Аудан әкімінің айтуынша, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 8 млн теңгеге жуық қаражат бөлініпті.
Әділет Қожанбаев, Көкпекті ауданының әкімі:
- Тартылған желілер сымдар ескірген. Құлап сымдар созылған, бір-біріне жел кездерінде тиіп кетеді. Сол кішкене қиындық тудыруда. Ол тұйықталу болғанда бүкіл ауылдық округте свет өшіп қалып жатыр. Жер астымен жіберілетін сым, олардың тиісті қаражатын алдық. Биыл ол мәселе толық шешілетін болады.
Аудан басшылығы электр желілерін жаңарту жұмыстары тамыз айында басталып, жыл соңына дейін мәселе шешілетінін айтты. Жалпы Абай облысындағы электр желілерінің ұзындығы 15 мың км асады. Бүгінде оның 96 пайызы тозған.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов