Соғыста қаза тапқан сарбаздардың бейітінен туған жеріне топырақ жеткізілді
Қарағандыда соғыста қаза тапқан екі сарбаздың мазарынан туған жеріне топырақ жеткізілді.
Марқұмдардың тағдырына қатысты деректі туған-туысы қаншама жыл таба алмаған. Іздеу тобының кешенді жұмысының арқасында боздақтардың өзге елде бауырластар қорымында жерленгені белгілі болды. Сұрапыл соғыс жылдары Қарағанды облысынан майданға 60 мың адам аттанып, 25 мыңы қаза тапты.
Мүгілсім Айдосованың әкесі Әкімжан Айдосов 1942 жылы Жезқазғаннан майданға шақыртылған. Кейін Омбыда екені жөнінде бір-ақ рет хат келген. Содан кейін мүлде хабар-ошар болмапты. Кейін марқұмның інісі Асылбек Айдосов «Atamnyn Amanaty» ҚБ іздеу тобының көмегіне жүгініп, марқұмның Смоленскідегі жерленген жерінен топырақ жеткізіліп отыр. Әкімжан Айдосов 148-атқыштар дивизиясы сапында кескілескен шайқастардың бірінде қаза тапқан.
Мүгілсім Айдосова, Әкімжан Айдосовтың қызы:
- Сонда 242 номерлі Андосов Акимжан деп жазылған екен. Анау қалған данныйын қарағанда Айдос деп табылғаннан кейін балама хабар келген ғой. Содан міне бауырым волонтерлармен сқйлесіп, армандаған арманыма жетіп отырмын.
Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз жоғалып кеткен жауынгерлердің бірі Кәрім Әбдіғалымов. Марқұмның Сербияда бауырластар қорымында жерленгені белгілі болды. Оның да мазарынан алынған топырақ туыстарына табысталды. Осылайша соғысқа кеткен туысы туралы дерек іздеген жандар әлі де көп. Алмас Ғаділдің де атасы мен оның 3 інісі майданнан оралмаған. Іздеу тобы әкесі Ғаділдің інісі Ғабдыжан Мұқатовтың жерленген жерін тауып берді.
Алмас Ғаділ, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Үшінші атам Ғабдыжанның қайда жерленгенін тауып берді. Польшада Келецкое воеводство дейді. Енді Алла жазса барып келеміз деп жатырмыз. Қалған үш атамыз туралы білмейміз, қайда жерленді, қайда жоғалды.
Сұрапыл соғыс жылдары Қарағанды обылсынан 60 мың адам майданға аттанып, 25 мыңы қаза тапты. 9 мың адам хабар-ошарсыз кеткен.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит