Риддердің жылу орталығын жөндеуге 1,7 млрд теңге бөлінді

Риддер қаласындағы Жылу электр орталығын жөндеуге Үкімет резервінен шамамен 1,7 млрд теңге бөлінді.

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Шығыс Қазақстан облысының бюджетіне нысаналы трансферт түріндегі қаражат аударылады. Кейінгі екі жылда Риддер ЖЭО-ға Үкімет резерві мен облыс бюджетінен 15,5 млрд теңге бағытталды. Қазандықтар мен турбиналарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүрді, стансаның тозу деңгейі 75%-дан 46%-ға дейін төмендеді. Ұзындығы 21,3 шақырым жылу желісі жөнделді, соның нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 82%-дан 67%-ға дейін азайды. Сонымен қатар 2023-2024 жылдардағы жөндеу науқанына енбеген тораптар мен механизмдерді ауыстыру қажет. Қазандық агрегаттарын, турбоагрегаттарын, сондай-ақ жабдықтың тұрақты түрде электрмен қамтамасыз ететін кешенді жөндеу күтіп тұр. Бөлінген қаражат Риддер қаласының жылу электр орталығын 2025-2026 жылу маусымына уақтылы әрі сапалы дайындауды қамтамасыз етеді.