Елімізде еңбек заңнамасына қатысты 5000-ға жуық заңбұзушылық анықталды
Елде қоғамдық бақылау аясында еңбек заңнамасының орындалуына қатысты тексеріс жүргізіліп, 5 мыңға жуық заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды 24kz.
Былтыр қазақстандық кәсіподақ заңгерлері Оқу-ағарту мен Ғылым және жоғары білім министрліктер қызметкерлерінің 34 мыңнан астам өтінішін қараған. Бұл туралы Салалық кәсіподақтың 100 жылдығы аясында өткен «Ғасырлық тәжірибе» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда мәлім болды. Жиында сондай-ақ педагогтерге жасалатын жағдай, қызмет барысындағы түсініспеушілікті шешу, кәсіподақ ұйымының білім және ғылым жүйесіндегі рөлін нығайту секілді бірқатар маңызды мәселе қаралды. Сонымен қатар ұстаздардың құқықтары мен мүдделерін қорғау тетіктерін жетілдіру жайы да талқыланды.
Айгүл Мұқашева, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы:
- Қазіргі таңда ең ірі салалық кәсіподақпыз. Құрамымызда 591 мың кәсіподақ мүшелеріміз бар. Құқықтық қорғау жұмысы жоғары деңгейде деп айта аламын. Мысалы тек былтыр 60 мыңға жуық білім қызметкеріне кеңес бердік. 24 қызметкер заңсыз жұмыстан шығарылған. Оған біз араласып, қайтадан жұмыс орнына орналастырдық.