Түркістандық әже саяхатшыларға көшпенді халықтың мәдениетін таныстырып жүр
Түркістанға келген туристердің бәрі бірдей қымбат қонақ үйге жайғаса бермейді. Кейбірі барған елінің салт-дәстүрімен тереңірек танысқысы келеді, деп хабарлайды 24kz.
Ұлттық тағамнан дәм тату үшін жекеменшік үйдегі қонақ бөлмеге тоқтағысы келеді. Түркістандық зейнеткер саяхатшыларға арнап, үйінен осындай қонақ бөлмелер ашқан. Өзі адырна тартып, нысана көздейді. Келген туристерге көшпенді халықтың мәдениетін таныстырып жүр. Жалпы өңірде туризм қалай дамып жатыр? Қандай мәселелер бар?
64 жастағы Түркістан қаласының тұрғыны Ләззат Есекеева құралайды көзге атқан мерген емес, бірақ адырна тартып, нысана көздей алады. Көшпенді қазақтың ұрпағы ұлттық өнерді шетелдік меймандарға дәріптеп жүр.
Ләззат апа үйіне келген шетелдік қонақтармен аудио аудармашы арқылы түсініседі. Мына екі жас Британ елінен келген.
Саскиа Грехам, саяхатшы:
- Садақ ату ерекше әсер сыйлады. Ләззат апаның қолдауымен шеберлігім едәуір артты. Көшпенді халықтың салт-дәстүрімен жақынырақ танысып жатырмыз.
Зейнеткер шетелдіктерге негізінен ұлттық ас-ауқат ұсынады. Құрт-май, ірімшік, тары-талқаннан дәм таттырады.
Ләззат Есекеева, қала тұрғыны:
- Таңғы асқа мен оларға тары және талқан беремін. Кешке ет асып беремін. Болмаса, қазақша көже істеп беремін.
Түркістанға келген туристерді ұлтымыздың тарихы мен мәдениеті, қолөнері қызықтырады. Ал шеберлер арнайы орын болмағандықтан жұмысты үйде істейтіндерін айтады.
Гаухарбек Күнхожаев, шебер:
- Ұсынатын, сатуға жасап жатқан туындыларым жетеді. Бірақ оны өткізу жағы қиындау болып тұр қазір, шынын айтқанда.
Мұнда туристер көне тарихқа қызығып келеді. Тарихтан сыр шертетін орындар мен жәдігерлерді көруге асығады. Бұл ретте Күлтөбе қалашығының орны ерекше. Алайда археолотар осы орындары басқаға көрсету үшін көптеген жұмыстар атқарылуы керек екенін айтады.
Марат Тұяқбаев, археолог:
- Мына жерден біз монша таптық. Бұл душ сияқты монша. Оның қасында мектеп бар. Қақпаның түбінде керуен сарай бар. Керамистер цехы бар. Соларды бәрін ашпаса да, моншаны істеп қоюға болатын еді. Керуен сарайды қалпына келтіріп, игілікке беріп, жұмыс істеу керек.
Туризмді дамыту жоспары қандай?
Жергілікті биліктің айтуынша, Күлтөбе қалашығын дамыту концепциясы жасалған. Қылует рухани орталығы жақында пайдалануға берілмек. Сонымен бірге қолөнершілер қалашығы туристік кешеннінің құрылысы аяқталуға жақын.
Мұхтар Ақжігітұлы, қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:
- Қолөнершілеріміздің барлығы өзінің бұйымдарын жасап, осы жерде шығыс базары, шоурымы бар, осы жерде саудалайтын болады. Алдағы қолөнершілеріміздің жалған ғимараты, құрал-жабдығы, шикізатының 25%-і жергілікті әкімдіктің көмегімен субцидияланатын болады.
Қалада инвесторлардың есебінен аквапарк, қонақүйлер салынады. Өзбекстанға барған туристерді осында тарту үшін Самарқанд – Түркістан әуе рейсі қатынайды. Туристік автобустар мен арнайы такси жүргізілмек. Ұлттық ойындарды тамашалайтын көпбейінді ипподром салынып, көшпенділер ойынын Түркістанда тұрақты түрде өткізіп тұру көзделуде.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов