Абай облысында жылдар бойы құрғап тұрған алқаптарға су келді

Абай облысындағы Шар су қоймасы жаңғыртудан кейін іске қосылды, деп хабарлайды 24KZ. 40 жылдан аса уақыт жөндеу көрмеген гидронысанда жаңғырту жұмыстары 2016 жылы басталған еді. Енді жылдар бойы құрғап тұрған алқаптарға су келді. Қазір шаруалар жөнделген су қоймасының игілігін көріп отыр.

Шар су қоймасы 80 миллион текше метрге дейін су жинауға қауқарлы. Бүгінде оның негізгі магистралі жұмыс істеп тұр. Осы аумақта оннан астам егін шаруашылығы бар. Биыл көктемде тасыған сумен қойма жартылай толыпты.

Шерәлі Елшібаев, шар су қоймасының учаске басшысы:

- Біраз жыл су болған жоқ. Ауылшаруашылық жерлерінің бәрі күйіп кетті.  Халықтың сұранысымен біз екі жыл болды су жинап жүрміз. Мұндай көлемге дейін біз жинамағанбыз. Алдында 25 млн жинадық. Биыл 40 млн-ға дейін көтердік. Өйткені суға сұраныс бар.

Шар қоймасына жиналған мол судың игілігігін бүгінде Жарма ауданының егіншілері көріп отыр. Көбі егістік алқабының көлемін арттырып жатыр. Мұхтар Тойқылды майлы дақылдар мен жоңышқа көлемін екі есеге арттырып 2,5 мың гектарға егін салуды бастаған. Соның 800 гектарына тамшылатып  суару қондырғысын орнатып жатыр.

Мұхтар Тойқылды, диқан:

- Су толық жетеді. Биыл одан да көп мол қылып жинадық деп отыр ғой. Оның сыртында тамшылатып суару болғаннан кейін су өте үнемді. Бұрын бір құлақ сумен бір гектарды суарсақ, тамшылатып суарумен 70-80 гектарды суарып кетеміз.

Тіршілік нәрінің тұрақты беріліп тұратындығына шаруашылық иесі қуанышты. Енді 10 жылға ірі инвестициялық жобаны қолға алғанын айтып жатыр. Биыл күзде өнімін Қытайға экспорттауды жоспарлап отыр.

Серікқхан Изенов, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы:

- Былтыр бар жоғы 16 мың гектарға көктемгі дәнді-дақылдар отырғыздық. Жалпы игерілген жеріміз 26 мың гектар болған. Биыл жоспарлап отырмыз 36 мың гектар жер игеріледі деп. Соның 29 мыңын әртүрлі ауылдағы шаруашылықтар игереді.

Шар су қоймасынан тарайтын 6 су магистралі бар. Бүгінде оның біреуі ғана толық іске қосылған. Қалған арналарын жөндеуге қосымша қаржы бөлінбек. Жөндеу жұмыстары биыл толық аяқталады.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов