Алматы базарлары жаңартылады

Жыл соңына дейін Алматыдағы 10 базар жаңғыртылады, деп хабарлайды 24kz.

Қазіргі уақытта төртеуінде құрылыс жұмысы қарқын алған. Ал қалған сауда орындарында жаңғырту жұмысы бәсеңдеп тұр. Оған жер учаскелерін пайдалануға шектеулер, техникалық шарттар, әкімшілік кедергілер және қаржы ресурстарының тапшылығы себеп болып отыр. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрінің Алматыдағы жұмыс сапары кезінде айтылды. Арман Шаққалиев базарларды жаңғырту мәселесіне қатысты бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Осыған байланысты министр жауапты мемлекеттік органдар мен бизнес субъектілері арасындағы үйлестіруді күшейтуді, сондай-ақ жобаларға жүйелі мониторинг жүргізуді тапсырды.

Еске салсақ, былтыр Алматыда алты нысан модернизациядан өткен еді. Қазір 59 базар жұмыс істеп тұр, оның 70%-і жаңарған. Министр Алматы қаласы ішкі саудадағы негізгі орталық екенін ерекше атап өтті.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Негізі Тәуелсіздік алғалы бері қолданысқа енгізілген өрт қауіпсіздігі, құрылыс нормалары,СЭС талаптары сияқты нормативтік құқықтық актілерге сәйкестендіру анағұрлым жеңіл. Әрине, біз гипермаркет және А санатындағы қойма салуды талап еткеніміз жоқ. Контейнердегі саудадан арылуымыз керек. Өйткені Алматы бұл еліміздің қаржы орталығы әрі көрікті визит карточкасы емес пе?!