Шерзат ісі: куәгерлерден жауап алу аяқталды
Талдықорғанда «Шерзат ісіне» қатысты сот процесінде куәлардан жауап алу аяқталды, деп хабарлайды 24kz.
Алдын ала тыңдалым мен алты рет өткен сот отырысында 20 шақты адам куәлік етті. Бүгін Сәкен Әкежанов есімді азамат көрген-білгенін баяндады. Шота Руставели көшесінің бойында тұратын ол оқ атылғаннан кейін пәтерінің балконынан шығып қараған. Ол кезде баланың тізерлеп отырғанын, бір топ ер адамнын ұрып жатқанын және әйел адамның көмек сұрағанын көрген. Содан кейін оқиға орнына жедел жәрдем шақыртыпты. Сонымен қатар Наргиз Низамеддинова біршама мәлімет айтты. Ол «Ат» деп бұйрық берген кісі қара киімде болғанын жеткізді. Және Шерзатты қызыл бас киімдегі арық дене бітімді жігіт ұрғанын, анасы араша түспек болғанына қарамастан бір топ адамның соққы жасауды жалғастырғанын мәлімдеді. Өзге куәләр қайғылы жағдай болған соң келген екен. Сондай-ақ тергеу барысында жазылған бейнетаспа көрсетілді. Онда марқұм Нұрқанат Гаипбаев өзін және Шерзатты пышақтағандарды суретіне қарап таныды. Осымен жәбірленуші тарап пен куәләрдың пікірі сұралып бітті. Ертең күдіктілерге сұрақ қойылып, жауап алынады.