«Qaisar» әскери-патриоттық ойындарының жеңімпаздары анықталды
«Спасск» оқу-жаттығу орталығында «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырған «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды 24kz.
Барлық өңірден келген 100 қыз-жігіт екі күн бойы табандылығы мен батылдығы арқылы Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті. «Қайсар зияткерлері» аталымы бойынша Алматы өңірінің командасы үздік деп танылды. Астана қаласының командасы «Үздік стратегтер» аталымын иеленді. «Кибер қорғаушылар» аталымы бойынша Алматы қаласының командасы жеңіске жетті. Ал Батыс Қазақстан облысынан келген Еділ Файзолла «Рухты сарбаз» аталымын қанжығалады. «Мерген ару» аталымымен ақмолалық қатысушы Алина Бақыт марапатталды. Жарыс қорытындысы бойынша Қарағанды командасы бірінші орынды иеленсе, екінші және үшінші орындар, сәйкесінше, Түркістан облысы мен Шымкент қаласына бұйырды.
Нұрбибі Таңатар, жарысқа қатысушы:
- Менің ойымша, әр мектептен оқушылар осындай жарыстарға қатысып тұру керек. Себебі бұл деген мектеп кезінен бастап оқушылардың болашаққа, еліне, жеріне деген патриоттық сезімін оятатын жақсы жобалар деп ойлаймын. Және де бұл жерде барлық жағдай жасалған. Сол себепті қорықпай, жаңа қырларын көру үшін қатысуға болады деп ойлаймын.