Өскеменде театр әртістері майдан шебінен жолданған хаттарды сахнадан оқыды

Сонау соғыс жылдары алғы шептен жолданған үшбу хаттың ішінде қаншама тарих пен тағдыр бар. Шығыс Қазақстан облысында театр әртістері осы хаттарды қайта тірілтті, деп хабарлайды 24kz.

Аймақтық театр ұжымы үшін тың жанр Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылды. Актерлар майдан хаттарын дыбыстап, сахналық бейнемен оқиды. Бүгінде Өскемендегі өлкетану музейінде алғы шептегі жауынгерлер жолдаған 200-ден астам хат сақталған. Сарғайған қағаз бетінде қиянкескі шайқастан бөлек елге деген сағыныш пен жарына арнаған махаббат сезімдері жазылған. Мұрағат деректеріне сүйенсек, соғыс жылдары майдан даласынан тылға ай сайын шамамен 70 млн хат жеткен. Соғыс тақырыбын зерттеп жүрген тарихшылар үшін бұл үлкен қазына.

Абай Дәулетұлы, ШҚО драма театрының режиссері:

- Әртістер майдан хаттарын атүсті оқи салмайды, әрине. Сол кезеңнің ішіне еніп, образға кіріп, әсерлі жеткізуге тырысады.  Біздің мақсатымыз майдан хаттарын оқып қана қоймай, жаумен арпалысқан жерлестіріміздің ішкі сезімін жеткізу. Кейінгі ұрпақтың батыр бабаларымызға деген құрметін арттыру.