Аудандық сот төрағалары мен судьялардың бос орындарына үміткерлер анықталды

Елде аудандық және оларға теңестірілген сот төрағалары мен судьяларының бос орындарына жүргізілген іріктеу нәтижелері жарияланды.

Екі ай бұрын басталған шараға 400-ден астам үміткер қатысып, соның ішінен жоғарғы сот төрағасы, жоғарғы кеңес мүшелерінің және парламент депутаттарының шешімімен 35 үміткер таңдап алынды. Судьялық қызметке ұсынылған үміткерлер туралы ақпарат Кеңес отырысының онлайн трансляциясы кезінде жария етілді. Сондай-ақ Жоғарғы Кеңес 20 судьяны қызметінен босатуды ұсынды. 

Лаура Құрмантаева, ҚР Жоғарғы сот кеңесі хатшысы-аппарат басшысының м.а.:

- Отырыста Кеңес ағымдағы жылы 14 ақпанда жарияланған аудандық соттардың судьялары мен төрағаларының бос орындарына конкурстың және іріктеудің қорытындыларын шығарды. Биылғы жылдан бастап конкурстар жиі өтетін болады. 1 жылдың ішінде 6 конкурсты өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұрын тек ғана 2 конкурс өтетін. Атап айтқанда, құжаттарды тапсырғаннан кейін 2 айдың ішінде осындай конкурстардың қорытындылары шығарылатын болады. Сонымен бірге конкурсқа қатысушыларға да талаптар күшейтілді.

Нұрия Сейсенова, ҚР Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі:

«Әрбір облыстық сот 2 үміткерден ұсынады. Соның ішінен ең лайықтысын таңдап аламыз. Бұл ретте үміткерлердің жұмыс сапасына, ұйымдастырушылық қабілетіне, моральдік және этикалық қасиеттеріне мән береміз».