ШҚО-да өрт қауіпсіздігін сақтамағандар жауапқа тартылды

Шығыс Қазақстанда құтқарушылар соңғы бір ай ішінде 101 рейдтік тексеру жүргізіп, өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзған 53 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Әсіресе саяжайларда заңбұзушылық көп. Кейбірі қураған шөпті үйге жақын жаққан, енді бірі кәуап пісіріп, өрт қауіпсіздігін сақтамаған. Осы секілді әрекеттер үшін тұрғындарға жалпы сомасы 500 мың теңгеден астам айыппұл салынған. Сондай-ақ мамандар орман-тоғай мен таулы аумақтары тексеру үшін дрондарды белсенді түрде пайдаланып жатыр.

Нұржан Өміржанов, ШҚО ТЖД басқарма бастығы:

- Жалпы мына мониторинг бойынша бізде 12 дрон бар. Сол ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы тұрғын үй секторы болсын, орман алқаптары болсын, дала алқаптары болсын осындай мониторингтер жүргізіп отырмыз. Бұл жұмыс өрт  қауіпі жоғары кезеңі аяқталғанға дейін жалғасатын болады.