Елордада RoboZerde фестивалі биыл алғаш рет халықаралық деңгейде өткізілді

Жас өнертапқыштарды қолдауға бағытталған дәстүрлі шара ақын Серікзат Дүйсенғазының марқұм ұлы Әлихан Мақсұтқа арналып отыр, деп хабарлайды 24kz.

Бозбала қыршын ғұмырында робототехникаға ерекше қызығушылық танытқан. Фестивальге республикамыздың әр өңірінен және Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген жасөспірімдер қатысты. Олар 6 бағыт бойынша құрастырған құлтемірлерін сынап көрсетті.

Серікзат Дүйсенғазы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің деканы:

- Былтыр көшпенділер ойыны болды, соған байланысты біздің барлық категорияларымыз ұлттық спортқа арналды. Аударыспақ, асық ату, арқан тартыс  деген сияқты. Балалар арасында насихаттау үшін. Ал биыл тағы жаңалықтар енгізілді. Соның біреуі дрондардың сайысы, дрондар футболы. Әлемде қазір дрон деген өте өзекті.

Мансұр Нұржанов, жарысқа қатысушы:

- Жарысқа біз сызық бойымен жүретін роботты дайындап алып келдік. Ол роботты біз 5 күн дайындадық. Робототехникада, мысалы, инженер профессиясына түсіп, сосын осындай олимпиадаларда грант ұтып алуды армандаймын.