Әскерилер парадқа 100% дайын – Қорғаныс министрлігі

Ертең елордада Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеру өтеді, деп хабарлайды 24kz.

Салтанатты шара «Қазақ елі» монументі жанындағы Тәуелсіздік алаңында сағат 11:00-де басталады. Онда айбынды әскеріміз сап түзейді. Жауынгерлік техниканың түр-түрі көрсетіледі. Ең бастысы – майдангер ардагерлеріміздің ерлігі ұлықталады.

Араға жылдар салып өткізілгелі тұрған әскери шеруді көпшілік тағатсыздана күтіп отыр.

Еліміз үшін биылғы жылдың басты оқиғаларының бірі – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеру болмақ. Бірер күн бұрын шерудің қорытынды дайындығына бүкіл ел куә болдық. Көптеген көрермен алаңға барып жақыннан тамашалады. Әлеуметтік желілерге салып, бөлісті.

Шеруге 4 мыңнан астам әскери қызметші қатысады. Халық бұл парадта 200-ден астам заманауи әскери техника мен қару-жарақты, әскери-көлік авиациясының 66 ұшағы мен тікұшағын тамашалай алады. Жалпы саны 200-ден астам әскери қызметші маршпен жүріп өтеді. Оның ішінде әскери әйел қызметшілерден құралған топ бар. Ерекше атап өтетіні, парадтың тарихи бөлімі әзірленген. Онда соғыс жылдарында қолданылған техника, сол кезеңде жауынгерлер киген киім үлгілері көрсетіледі. Парадтың құрметті қонақтары бар. Олардың қатарында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, әскери қимылдарға қатысушылар, Қарулы күштердің үздік бөлімшелері, құрмет қарауылы роталары, басқа да әскери құрылымдардың ардагерлері, әскери құқық қорғау органдарының өкілдері шақырылған.

4000 астам әскери қызметші

200 астам техника, қару-жарақ

66 ұшақ, тікұшақ

200 астам есеп топ

Әскери әйелдер

 

Тарихи бөлім

Соғыс ардагерлері

Тыл еңбеккерлері

Құрмет қарауылы

Қарулы күштер ардагерлері

Айтулы шеруге қатысатын сарбаздармен де тілдесудің сәті түскен. Мәселен, танк ротасының командирі, лейтенант Ғалымжан Асқар бұндай ауқымды шараға алғаш қатысқалы жатыр екен. Сұхбаттан үзінді көрейік.

Ғалымжан Асқар, Танк ротасының командирі, лейтенант:

- Жеті танк болады, біреуі резерв. Танк 72А. Танк үйрену үшін бізде Отарда бар оқу орталығы. Ол жақта механик-жүргізушілерді, көздеуші операторларды дайындайды. Жаңадан келген әскерилер болса, сол жаққа жіберіледі, сертификат алып келеді.

Әскерилердің дені өңірлерден келгені белгілі. Сәуір айынан бері елорда маңында арнайы әскери ауыл ұйымдастырылып, барлығы сонда жайғасқан.

Руслан Жангулин, ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- Парадқа дайындық биылдан бастап ақпан, наурыз айынан негізі жергілікті жерлерде дайындау басталған болатын сол жерлерде іріктеу жүргізілді. Іріктеулерден үздік шыққандардың дені наурыз айының соңында астана қаласына келді. 1 сәуірден бастап олардың барлығы осы Астана қаласының аумағында арнайы далалық лагерь ұйымдастырылған болатын, сол аумақта тұрып жатыр. Бүгінгі күні жеке құрам парадқа 100% дайын деп отырмыз.

Бүгінде елімізде 100-ден астам қарт майдангер бар. Жеңіс шеруі бұл – соғыс ардагерлерінің ерлігін есте сақтау, ұрпаққа үлгі ету үшін қажет. Сондай-ақ Отан алдындағы борышын өтеп жүрген әскерилеріміздің әлеуетін паш ету маңызды.

Руслан Жангулин, ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- Парад деген бұл, ең біріншіден, ҚР Қарулы күштерінің күш-қуатының әлеуеті. Бүгінде біз оны өз елімізге ғана емес, жалпы әлемге паш ете аламыз. Өскелең ұрпақ соны көру арқылы өздерінің бойында Қарулы күштерге деген, әскерге деген, туған жерін қорғауға деген патриоттық сезімін қалыптастыру болып табылады.

7 мамыр күні өтетін шеру республикалық арналардан тікелей трансляция арқылы көрсетіледі. Сонымен қатар әрбір аймақ тұрғындары ЛЕД-экрандардан тамашалай алады. Ертең елордада әскери техникалардың қауіпсіз өтуі үшін бірқатар көшеде көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Автобустардың бағыттарына да өзгеріс енеді.