Павлодарда батырлардың ерлігі ұлықталып, көрме ұйымдастырылды

Жеңістің 80 жылдығына орай батырлардың есімі ұлықталып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Павлодардың Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейі Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен майдангер жерлестері туралы ауқымды көрме ұйымдастырды. Сонымен қатар ғылыми-өлкетану экспедицияларында табылған жәдігерлерді көпшілік назарына ұсынды.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Бұқар Жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері ел ішіне жиі шығады. Соның арқасында музей қоры құнды жәдігерлермен толығуда. Жеңістің 80 жылдығына арналған көрмеге майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың концлагерден өз қолымен салған суреттері қойылған. Соңғы кезде ардагерлердің жеке заттарын, фотосуреттері мен қолжазбаларын туыстары музейге тапсыра бастады. Солардың бірі майдангер Бағау Нокиннің соғыста жазған хаттарымен қанға боялған қойын дәптері.

Марат Нокин, соғыс ардагерінің ұлы:

- Қарындашпен жазылған ғой, бірақ қанмен былғанған қойынында жүргенде жарақаттан кейін. Бірақ әкей бізге көрсетпейтін. Тығып тастайтын, қобдишада жатты. Кетерінде ғана маған табыс етті. Бұл маған өте құнды зат деп ойлаймын. Кейде оқығанда көзіме жас аламын. Енді ол соғыс-майданды, Құдай сақтасын, көрмесін адам баласы.

Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткеновтің Украинадан әкелінген жауынгерлік каскасы мен 45 мм-лік зеңбіректің гильзасы жәдігерлер қатарын толтырған. Бұл күні батырдың өмір жолына арналған «Ерлік пен естелік» кітабының тұсауы кесілді. Кітаптың авторы Абзал Рымбектің айтуынша, Серікбайдың әкесі Мүткен емес, Әлижан деген кісі болған. Ол 1929 жылы колхозға кіруден бас тартады. Сол үшін байлардың тізіміне еніп, қудалауға ұшырайды. Ал ұлы оқуын жалғастыру үшін әкесінің туған ағасы Мүткеннің атына өтеді.

Абзал Рымбек, кітаптың авторы:

- Негізі бұған дейін Серікбай Мүткеновті жерлесіміз, жалынды журналист Нәби Әбдірахманұлы деген кісі 30 жыл қатарынан зерттеген болатын. Ол кісі енді Кеңес Одағы кезінде Серікбайдың жаңағы соғысқа дейінгі өмірін ашық жаза алмады. Себебі кеңестік идеологияға сәйкестендіріп, Серікбайдың кейбір деректерін, өмірбаянын бұрмалап берген. Бүгін егемендік алғаннан кейін Серікбайдың соғысқа дейінгі өмірін, соғыстағы өмірін тұтастырып, толық бір жинақ қылып шығаруды қолға алдық. 

Адамзат баласына қасірет әкелген соғыс туралы естеліктер сарқылмайды. Бұқар Жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі Ертіс өңірінен шыққан батырлардың өмір жолын зерттеп, келешек ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен жобалар легін жалғастырады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков