Көзсіз ерлік: Нұркен Әбдіров жаудың 12 танкісін жойған
Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған 500-ге жуық отандасымыздың әрбірі тарихта батылдық пен жанқиярлықтың үлгісі болып қалды. Аты аңызға айналған сондай батырлардың бірі – Нұркен Әбдіров. Ол отқа оранған ұшағын жау әскері шоғырланған тұсқа құлдилата құлатып, бір өзі жаудың қаншама әскерін талқандаған. Батыр бабамыз осылайша 1942 жылы 9 желтоқсанда небәрі 23 жасында ерлікпен қаза тапты. Ол өзінің соңғы хатында: «Мен жас жанымды бос бере қоймаймын. Өлсем, жастығымды ала жатамын. Астымда фашистің күлін көкке ұшыратын ұшқыр ұшақ бар. Маған сеніп тапсырылған осы техниканың тегеурінін жауға қарсы бағыттауым керек», – деп жазған.
Нұркен Әбдіров кеншілер отбасынан шыққан. Үш ағайындының кенжесі. Соғыста оның ағасы Сәдірбек те қаза тапты. Үлкен ағасы Сәрсеннің жалғыз ұлы Әбубәкір Әбдіровтің айтуынша, Нұркен өте сауатты адам болған. Майдан даласынан ата-анасына талай мәрте үшбу хат жазып тұрыпты. Соғысқа дейін комсомол ұйымын басқарған. Кітапханашы әрі тергеуші де болып қызмет еткен екен.
Әбубәкір Әбдіров, Н. Әбдіровтің немере інісі:
- Мен үш ағайындыдан қалған жалғыз ұрпақпын. Достары Нұркен туралы кітап жазамыз дегенде апам екеуіміз батыр ағамның басына бардық. Оның шешесі сонау Қарағандыдан келді дегенде бізді құрметпен қарсы алды. Әрі батырдың ерлігін бізге толық айтып берді. Көзін көрген достары ағамды жанкешті батыл жан деп сипаттады.
Соғыс басталған кезде Нұркен Орынбордың әуе училищесінің курсанты болып оқып жүрген. 1942 жылы оқуды бітірген соң оған қысқа мерзімді демалыс берілген, алайда Отанын қорғауға асығып бірден қан майданға аттанады. «Мен фашистердің үнін ажал оғымен өшіру үшін асығып, үйге бармадым...» деп жазған естелік хаттары бұған дәлел.
Темірғали Аршабеков, облыстық ғылыми-техникалық мұрағатының басшысы:
- Ең бірінші батыл шешімі: ұшақтан секіріп кетпей, жау колоннасына өзінің жанып жатқан ұшағымен жау коллонасына бағыттап, жауды бірге ала кетті. Көзсіз ерлікке барды. Ол өзін сақтап қалуға болатын еді, ол олай істемеді.
Оның майдан даласындағы ғұмыры өз ғұмырындай қысқа болды. Жау шебіне қарсы 16 рет көкке көтеріліп, қарсыластарының 12 танкісі, 28 машина, 13 қару-жарақ тиелген арбасы мен зеңбіректерін жойған. Нұркен Әбдіровтің неміс басқыншыларына қарсы көрсеткен көзсіз ерлігі мен қаһармандығын Кеңес Одағының Батыры атағына лайық деп танылды.
Абай Тасболатов, тарих ғылымдарының докторы:
- Ұшақта сержант болып тұрып, қиыншылық уақытында колоннаға тіке жіберген біздің Нұркен Әбдиров деген Қарағандының тумасы. Нұркен Әбдіровтердей біздің отансүйгіш, Отанға өмірін арнау – бұл бізге үлкен өнеге.
Бүгінде батырдың туыстары оның өзі жазған 40 шақты хатын сақтап қалған. Олардың әрқайсысында ата-анасына, еліне деген қамқорлық лебі еседі. Қаһарманның ерлігі ел жадында мәңгі сақталып қалды.
Авторы: Айнұр Қуатқызы