Мергеннен шеберге дейін: ардагер бейбіт күнде қызмет етіп жүр
Отан қорғау тек қару асынып, майдан шебінде ғана жүрмейді. Бейбіт күнде де елдің іргесін нығайтып, тыныштығын күзетуге болады. Бұл әр азаматтың қасиетті борышы. Бұған арнайы жасақ ардагері Валерий Манеркин дәлел бола алады. 16 жыл көзден тасада жүріп, арнайы операцияларға қатысқан маман қазір зейнетте Қарулы Күштерге қажетті бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырып жатыр.
Бұл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағында 16 жыл қызмет еткен Валерий Манеркин. Қырағылығы мен дәлдігімен талай операцияда шешуші рөл атқарған мерген болған. Валерий қазір бейбіт өмірдің бел ортасында, зейнет демалысында. Қызмет жолын артқа тастағанымен, Отан алдындағы борышынан бір елі алыстаған емес. Қазір ол сарбаздарға ыңғайлы әскери киім тігіп, бейбіт күнде қызмет етіп жүр.
Валерий Манеркин, арнайы жасақ ардагері
- Қызметте жүрген кезімде өз-өзіме экипировка тіккен едім, куртка тіккем арнайы операцияларға қатысуға ыңғайлы болсын деп. Сәуір айында жігіттер хабарласып, 25 адамға тапсырыс берді. Қазір соларға тігіп отырмын. Заказды орындап жатырмын. Көріп жатырмын, қазір TikTok аккаунттары бар қызметкерлер осында «напашникпен» жүреді. Қазір осындай «абдоминальная защита» деп ішімізді қорғайтын баллистикалық «чехол» сатып алдым. Осыған баллистикалық «чехол» тігем, сосын осыған қосамын.
Арнайы жасақтар үшін тігілген әр затты Валерий тиісті сынақтан міндетті түрде өткізеді. Кем-кетіктері болса, қайта жыртып, қайта тігеді. Бұдан бөлек, зейнеттегі ардагер қаруға қажетті қосалқы бөлшектерді де жасаумен айналысады. Тіпті қытайлық компаниямен келіссөз жүргізіп, сәтін салса, жыл соңына дейін мергендердің мылтығына арналған көздеуіш құралын шығармақ жоспарда. Тағы отандық зауыттармен де бірлесіп жұмыс жасап жатыр.
Валерий Манеркин, арнайы жасақ ардагері:
- Менің алғашқы жобам осындай болған. Батыс Қазақстан машина жасау зауытының базасында істелінген. Ірі калибрлі винтовка. Калибр 12,8х108 және американдық 50 BMG. ҚР алғашқы болып осындай шасси жасағанмын. Мынаның ішіне рессивер отырғызылады, сөйтіп, 2 болтпен қатырылады.
Валерий Манеркин бұл ісімен шектелмек емес. Келешекте сарбаздарға және қарапайым азаматтарға тактикалық медицинаны да үйретуді көздеп жүр. Бұның себебі де жоқ емес, бар.
Валерий Манеркин, арнайы жасақ ардагері:
- Қарумен қозғалу керек, қалай қарумен қайту керек, қалай қарумен қолдану керек соны көрсетіп жатыр. Бірақ ең маңыздысы – осы тактикалық медицина. Осы тактикалық медицинаны қалай қолдану керек екенін ешкім көрсетпейді. Қалай дұрыс жгут салу керек, қалай жараланған жерді дұрыс тазалау керек? Сондайды көрсетпейді. Қазір өзіміз программа жазып, сол жоспар бойынша арнайы жасақтарға қажет минималдық курстарды енгіземіз. Ұсынысқа береміз. Егер біздің мемлекеттік органдар осыған көңіл аударса, рақмет дейміз.
Отан қорғау тек майдандағы ерлік емес. Бейбіт өмірде де елге қызмет ету – нағыз патриотизмнің белгісі. Валерий Манеркин – соның жарқын мысалы. Себебі ел тыныштығын күзету – әр азаматтың қасиетті борышы.
Авторлары: Риат Шони, Абдулхамит Бөлекбаев