Мәншүк Мәметова: бригада ерлерін аман алып қалған қаһарман қыз

Екінші дүниежүзілік соғысқа Орал өңірінен 1200 ару аттанса, солардың ішінде Мәншүк Мәметова Кеңес Одағының Батыры атанды. Небәрі 21 жасында ерлікпен қаза тапқан қаһарман қыздың есімі ел есінен ешқашан өшпек емес. Бүгінде қаладағы орта білім ордаларында Мәншүктану курстары өтеді. Жыл сайын Мәншүк атындағы спорттық-мәдени шаралар ұйымдастырылады.

Мәншүк Мәметова атын иеленген Оралдағы №27 орта мектептің 5 сыныбында дәл қазір Мәншүктану курсы өтіп жатыр. Аптасына бір рет болатын факультативтің бағдарламасын мектеп мұғалімдері жасаған. Оқушылар қаһарман қыздың өмірбаяны мен ерлік жолын дәріптейді. Мәншүк туралы жырлар жаттайды.

Ақкүнім Жақсыгерей, оқушы:

- Бұл отанның ер қызы батыр Мәншүк, өзінің қатарынан шыққан артып. Айқаста оқ боратып пулеметтен, ажал төгіп қырды ол жауды шаншып. Ержүрек қайраты мол батыр туған, Мәнсия қыз жасайсың миллион жылға! Қалдырдың болашаққа өшпес үлгі, ерлігің қанат береді біздің жырға.

Орал қаласы Сарайшық көшесіндегі №51 үйде Мәншүкті асырап алған ата-анасы Ахмет пен Әмина 1932-34 жылдары тұрған. Осы ғимаратта 1982 жылы Мәншүктің мемориалды музейі ашылды. Мұражай құрылғанда небәрі 300 экспонат болса, қазір 11 мыңға жуық жәдігер бар. Үй ішіне Мәметовтер отбасының пайдаланған бұйымдары қойылған. Төргі бөлмедегі төсек, дөңгелек үстел, тіпті, шыны-аяқтарға дейін Мәншүктің қолы тиген бұйымдар. «Мен өліп кетсем, сіздер үшін, Отан үшін жанымды пида етемін», – деп батырдың анасына жазған соңғы хаты да осында. Қаһарман қыз 1943 жылдың 15 қазанында Невель түбінде қаза тапты.

Ахмедияр Батырханов, Мәншүк Мәметова музейінің меңгерушісі:

- Ахметқазы Болатов соңғы тірі көрген. «Бізге шегінуге бұйрық болды. Шегініп келе жатып, Мәншүкті 3-4 метр қашықтықтан көрдім. «Мәншүк, бәрін таста, шегінейік», – дегенде, «Жоқ бәріміз шегінсек, атойлап келе жатқан жау бәрімізді құртады, сендер шегіне беріңдер, мен жауды тоқтата тұрам», – деп қалды дейді. Сол күнгі ауыр шайқаста біздің бригада жігіттерінің көпшілігінің аман қалғаны қазақтың қаршадай қызы Мәншүктің ерлігінің арқасы дейді.

Мәншүк туралы зерттеу аз емес. 1944 жылдан бүгінге дейін 768 мақала шыққан.  Дегенмен әлі күнге оның өмір деректері нақты анықталмапты. Туған күні қазір 2 қазанда атап өтілгенімен, бір деректерде 13 қазан, енді бірінде 13 қараша деп берілген. Туған жеріне қатысты да түрлі мәлімет бар.

Ахмедияр Батырханов, Мәншүк Мәметова музейінің меңгерушісі:

- Туған жері де әртүрлі. Алматы қаласындағы архивтер Орал облысы, Орда ауданы, Мешітқұм ауылдық кеңесі, Өркен колхозы дейді. Бір архивтік құжатта Алматы қаласында дүниеге келген дейді. Тағы бір деректе Орда ауданы Жиекқұм ауылы дейді. Ал апамыздың 1943 жылы 27 тамыз күні өз қолымен жазған өмірбаянында Жәнібек ауданы дейді. Осындай қарама-қайшылық көп.

Өлкетанушы Ахмедияр Батырханов Мәншүк Мәметова туралы зерттеулердің келешекте жалғасатынын айтады.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақырап, Б. Жарылғасов