Қостанай облысында республикалық «Алау» әскери-спорттық ойындарының облыстық кезеңі өтті

Қостанай облысында республикалық «Алау» әскери-спорттық ойындарының облыстық кезеңі өтті.

Оған әр ауданнан іріктелген 13 команда қатысты. Олар екі күн бойы алты сайыс түрінен өзара сынға түсті.

Заречный жалпы білім беру мектебінің 8-сынып оқушысы, «Жас сарбаз» клубының мүшесі Айғаным Есенғазықызы он жасынан әскери ойындарға қатысады. Автоматты бөлшектеп, жинауды Айғаным әбден меңгеріп алған.

Айғаным Есенғазықызы, «Жас сарбаз» клубының мүшесі:

-  Әскери қарулармен жақсы, ату жақсы, разборка, сборка, автоматты шашып, жинау барлығы күшті. Бірақ кейбір қиыншылықтар болады. Арасында саусақтың қысылып қалуы автоматтың кейбір бөлшектерінде. Сол жерлерде қиындықтар кетеді. Ал былай жақсы күшті.

Жарыстың екінші күні жас сарбаздар әскери эстафетадан сынға түсті. Командалар толық құрамда жарыс жолында мылтықпен нысана ату, граната лақтыру, арқан үстімен жүріп өту сияқты кезеңдерді белгілі бір уақыт ішінде еңсеріп шығуы керек. Балалар жақсы дайындық көрсетті-дейді ұйымдастырушылар.

Сапар  Жауатов, Меңдіқара аудандық  білім бөлімінің әдіскері:

- Биылдан бастап облысымызда, республикамыздың көлемінде көптеген басымдылықтар беріліп жатыр әскери-патриоттық бағытта. Көптеген сайыстар, көптеген семинарлар ұйымдастырылып жатыр. Және де осылардың барлығы келешекте біздің еліміздің егемендігін сақтайтын, жастарымыздың патриоттық сезімін арттыратын бағытта жемісін береді деген сенімдемін.

Жас өскінге әскери-патриоттық тәрбие беру ісі үлкен маңызға ие. Бұл бағыттағы жұмыстар соңғы жылдары жандана түсті. Қазіргі кезде облыстағы мектептер жанынан құрылған әскери-патриоттық клубтар мен үйірмелерде 3 мыңға жуық оқушы тіркелген.

Гүлмира Исабаева, өңірлік дене шынықтыру және қосымша білім беру орталығының әдіскері

- Облыста 70-тен астам әскери-патриоттық клубтар бар. Ал енді үйірмелерді қоса есептесек, олардың саны 256-ға жетеді. Әр мектепте үйірме, клубтар жұмыс істейді.

«Алау» әскери-спорттық ойындарының облыстық кезеңінде топ жарған команда республикалық сайыста бақ сынайтын болады. Ал ол маусым айында өтеді деп жоспарланып отыр.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг