Таразда Б.Момышұлына арналған музей ашылады
Таразда даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына арналған мұражай ашылмақ.
Онда батырдың жеке заттарынан бастап, құпия стратегиялық құжаттарына дейін қойылады. Музей 9 мамыр күні жеңістің 80 жылдығы мен батырдың 115 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылады.
Кеңес Одағының батырына арналған музей Даңқ залында орналасады. Онда Бауыржан Момышұлының туған жерінен бастап, мектепте оқыған жылдары, Жуалы аудандық атқару комитеті мен аудан прокуратурасында жұмыс істеген жылдардағы жазбалары қамтылмақ. Соғыс жылдары мен одан кейінгі ғұмыры хронология бойынша суреттеледі. Батырдың әскери сейфі мен чемоданы, коспасы мен стратегиялық карталары қойылады. Сонымен қоса жәдігерлер қатары өзі пайдаланған пианиномен толығып жатыр.
Жансая Сембекова, облыстық тарихи-өлкетану музейі қор бөлімінің меңгерушісі:
- Ол кісінің қолжазбалары хаттары, медальдары, сонымен қатар шығармашылығында өзі қолданған домбырасы. Шапаны өзі қолмен ою оятын болған, сол оюларын көрсетеміз. Сондай-ақ өзінің жұмыс столы көрсетіледі музейде.
Момышұлы дүниеге келген Жуалы ауданы бүгінде ел ішінде генералдар мекені атанып кеткен. Өйткені бүгінге дейін осы ауданнан 12 генерал шықты. Мұның бәрі еліктеуден, халықтың өзі батыр әңгімелерін балалар құлағына құйып өсірудің нәтижесі, дейді немере інісі.
Бекет Момынқұл, Б. Момышұлының немере інісі:
- Момыш атам айтады ғой. “Айналайын өлімнің алдында тұрсаң да өтірік айтпа! “- деген үлкен өсиет айтқан ғой баласына. Ал енді Бауыржан атамыз осы әңгімені бізге де айтатын. Неге десең адам шыншыл болу керек, адал болу керек. Бауыржан атамыз айтатын әңгімесі былай дейді. Жақсының жақсылығын айт, бірақ жағымпазданба. Жаманның жамандығын айт, бірақ жала жаппа, - міне әңгіме қандай.
Аймақтағы мемлекеттік университетте Бауыржантану орталығы жұмыс істейді. Мекеме қызметкерлері бүгінде әскери жазушының әлі де жарық көрмеген деректерін іздестіруде. Мәселен, әскери қолбасшы 1963 жылы Кубаға Рауль Кастроның шақыруымен, сол елдің жаңа әскерін құруға көмек беру, соғыс тактикасы мен стратегиясына баулуға барған еді. Кейін онысын кітап етіп басқан. Бірақ онда айтылмаған дүниелер көп дейді 12 жыл бойы батыр мұрасын зерттеп жүрген Әлімбай Найзабаев.
Әлімбай Найзабаев, Бауыржантану ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері:
- Айтатын нәрселерді жаза алмаймыз, жазған нәрселерімізді жариялай алмаймыз, -деген. Сол біздің жаңағы айта алмаған жаза алмаған сол жерде сөйлеген жазбаларын алғымыз келеді. Қазір енді 60 жыл уақыт өтті одан бері. Видео аудиожазбалар бар. Біз осыларды алғымыз келеді. Содан кейін 5 кітап алып барған. Өзі жазған кітаптар. Сол кітаптарды испан тіліне аударамыз деген. Қазақстандағы Куба елшілігіне хат дайындап жібердік. Мемлекеттердің арасында байланыс жасау арқылы алуға болады деген үмітіміз бар.
Бауыржан Момышұлының әскери жазбалары әлі күнге Израиль, Куба сынды елдерде оқу құралы ретінде пайдаланады. Ал елімізде батырдың есімі мектеп, көше, елді мекен атуы мен оқу орындары, әскери бөлімдерге де берілген. Сондықтан аты ғасырдан ғасырға жалғаса беретін тұлғаның тағылымды ғұмыры, ұрпақтың есінде мәңгілікке сақталады.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә