Жеңістің 80 жылдығына орай майдангерлерге 5 млн теңгеден берілді

Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне 5 млн теңгеден біржолғы төлем берілді. Ал тыл еңбеккерлеріне 50 мыңнан 200 мың теңгеге дейін қарастырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі брифингте осылай деді.

Сонымен қатар қоршауда қалған Ленинград тұрғындарына 60 мыңнан 200 мыңға дейін, бала кезінде концлагерь тұтқыны болғандарға 98 мыңнан 200 мың теңгеге дейін төлем тағайындалды. Ал соғыста қаза тапқан жауынгерлердің жесіріне 50 мың теңгеден, қайтыс болған мүгедек ардагерлердің жұбайына 50 мыңнан 150 мың теңгеге дейін беріліп жатыр.

Олжас Анафин, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет және демеушілік қаражат есебінен ардагерлерге мереке немесе атаулы күндерге біржолғы әлеуметтік көмек, тұрғын үй жөндеуге, отынмен қамтамасыз етуге, коммуналдық қызметтердің төлеміне көмек және қоғамдық көлікте жүруге жеңілдіктер түрінде қосымша қолдау шараларын көрсетеді. Қазақстанда ҰОС-тың 105 ардагері ҰОС-тағы жеңіске үлес қосқан басқа санаттағы 40 707 азамат тұрады.