Қазақстанда литий қорының әлеуеті зерттеліп жатыр

Шығыс Қазақстан облысының ғалымдары литий кен орындарын спутниктер мен компьютерлік модельдеу және нейрожелі арқылы зерттеуде, деп хабарлайды 24kz.

Бір қызығы, литийді табу үшін шахтаға түсудің қажеті жоқ. Бұл жеңіл металл кейде өндіріс қалдықтарында, яғни, рудалардың беткі қабаттарында да болады. Геологиялық карталарды жасақтаумен айналысатын жергілікті мамандар осындай қортындыға келді.

Өскемендік болашақ геологтар жаңа технологияларды меңгеріп жатыр. Шығыс Қазақстан облысының ғалымдары пайдалы қазбалардың карталарын заманауи технологиялар, спутниктер, 3D модельдеу және жасанды интеллект көмегімен нақтылауда. Бұл тәсілдер белгілі бір металдың қай жерде орналасқанын дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Қазір ғалымдар георадарларды сынақтан өткізуде. Мұндай құрылғы бірнеше минут ішінде минерал құрамындағы металлды анықтай алады.

Андрей Охотенко, технолог:

- Мұнда екі құрылғы ұсынылған. Бұл – өзінше мобильді зертхана, материалды талдайтын құрал. Кез келген минерал немесе металл құрамын бір минут ішінде анықтауға болады. Бұрынғыдай сынаманы алып, зертханаға апарудың қажеті жоқ.

Профессор Марина Мизерная әлемдегі  сұранысқа ие литий металын іздеу технологиясын жасауда. Одан ұялы телефон батареялары, электромобильдердің аккумуляторлары және түрлі заманауи гаджеттер жасалады. Профессор литийді ескі кен байыту фабрикаларының қалдық қоймаларынан, сирек кезедесетін металдар өндірілген көне кен орындарының қалдықтарынан іздеуді ұсынады. Ол жерлерде 1950–60 жылдары қорғасын, мырыш, мыс, кейін ниобий өндірілген. Ал құрамында литий бар руда сол кезде қажетсіз деп есептеліп, қалдық ретінде төгілген.

Марина Мизерная, профессор, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты:

- Біз сирек металлдар кен орындарын пайдалану кезінде жиналған техногенді үйінділерді қайта бағалап жатырмыз. Қазір сол қорларды қайта есептеп, геологиялық-минералогиялық карта жасаудың жаңа әдісін әзірлеудеміз.

Геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Олег Гавриленко: «Елдегі геологиялық барлау технологияларын жаңғырту қажет», - дейді. Себебі литийге деген сұраныс күннен күнге артуда. Оның үстіне көршілес Қытайда литий қоры 3 миллион тонна. Бұл әлемдік қордың 10%-ін құрайды Келешекте Қытай электромобильдер өндірісін 25%-ке арттырып, жылына 12 миллион көлік шығармақ. «Сондықтан шетелдік инвесторлардың Қазақстандағы литий кен орындарына деген қызығушылығының артары сөзсіз», - дейді маман.

Олег Гавриленко, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты:

- Қазіргі таңда тұзды кен орындарының қоры таусылып келе жатқандықтан, литий өндіруде пегматиттік кен орындарын пайдалануға мүмкіндік туып отыр. Иә, оларды өңдеу қымбатырақ, бірақ басқа жол жоқ.

Еліміздің шығыс аймағынан германиялық инвесторлар литий өндіретін және оны өңдейтін тау-кен байыту комбинатын салуға дайын. Жергілікті биліктің ресми дерегі бойынша еліміз үшін болашағы зор жобаның құны 500 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин, Шығыс