Шымкентте рұқсат етілмеген жағажайлар дронмен бақыланады
Шымкенттік құтқарушылар рұқсат етілмеген жағажайларды дронмен бақылайды, деп хабарлайды 24KZ. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, қазір күннің ысуына байланысты адамдар жаппай шомылып жатыр. Бірақ көбі қауіпті аумақтарға барып суға түсетін көрінеді. Сондықтан мамандар ұшу аппараттарын сатып алып, күні-түні мониторинг жасайды.
Қазір Шымкентте күн өте ыстық, сынап бағанасы 40 градустан асты. Сондықтан тұрғындар жаппай суға түсіп жатыр. Бірақ көбі рұқсат етілмеген жерлерге барып шомылуды әдетке айналдырған. Солардың бірі – Бадам өзенінің бойы.
«Енді бұл аумақтар әуеден бақыланады. осындай ұшу апараттары қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді», – дейді құтқарушылар.
Серік Әуесхан, қалалық ТЖД басқармасының офицері:
- Әрине, адаммен аяқ баса алмайтын жерлерді, яғни көзбен көре алмайтын алыс жерлерді осы дронды жоғары көтеру арқылы сол жерлерді көріп және де түнгі уақыттағы рейдтерде біздің осы дронның адамдардың суға шомылып немесе шомылмай жатқанын көруге көмектесіп жатыр.
Рейдтік шараларға прокуратура қызметкерлері де шығады. Олар рұқсат етілмеген жағажайлардға қойылған белгілерін тексеріп, тұрғындарға ескерту жасайды.
Әл-Фараби Исабек, қалалық Прокуратура басқармасының прокуроры:
- Рұқсат етілмеген орындарда суға шомылмаңыз. Шомылуға тек белгіленген, рұқсат етілген, қауіпсіздік талаптарына сай орындарды пайдаланыңыз. Балаларды үлкендердің қарауынсыз суға жібермеңіз. Құтқару құралдарын пайдалануды ұмытпаңыз.
Рұқсат етілмеген жерде шомылған адамға 27 мың теңге айыппұл салынады. Әзірге мамандар адамдарға ескерту жасап жатыр. Былтыр қала бойынша 46 адам әкімшілік жауапқа тартылған.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Катерина Попкова, Самат Нағашыбекұлы, Нурмахан Бекмұратов