БҚО-да жүк көліктері жолдарды бүлдіріп жатыр
Батыс Қазақстан облысында былтыр салынған жолды ауыр жүк көліктері қиратып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. «Тиісті бақылау болмағандықтан, жол-құрылыс компанияларының жүк тиелген техникалары өздері салып жатқан жолға салмақ салған. Ал өңірдегі көліктік инспекцияның жолды толық бақылауға мүмкіндігі жоқ», – дейді мамандар.
Біз тұрған Казталов – Қошанкөл –Қараоба жолына осыдан бірнеше жыл бұрын асфальт төселген еді. Алайда тұрғындардың қуанышы ұзаққа бармады. Көріп тұрғандарыңыздай, жолдың жай-күйі мынадай. Сапасыз салынған асфальт бордай үгіліп жатыр.
Казталов – Жәнібек жолынан Қараоба ауылына дейінгі аралық 64 шақырым. Осы жолдың алғашқы 15 шақырымы 2023 жылдың күзінде тапсырылды. Екі жыл өткен жоқ, жол жарамсыз.
Мұрат Ахетов, Қошанкөл ауылының тұрғыны:
- Жалпы енді дұрыс салмаған сияқты, менің ойымша, бетонның қалыңдығын көріп тұрсыздар ғой. Стандартқа сай салмаған сияқты. Былай енді асфальттің аты асфальт қой, оған да қуаныштымыз.
Казталов ауданының басшылығы мердігер компанияға жол жамылғысын қалпына келтіруге бір ай мерзім беріпті. Жалпы жолдың бұл бөлігіне кезінде орташа жөндеу жасалған. Яғни 6 сантиметрлік бір қабат асфальт төселген.
Дәурен Әміров, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚОФ бөлім басшысы:
- Жәнібек – Таловка тасжолының құрылысы жүріп жатыр. Соған құрылыс материалдары сол жолмен жақын болғандықтан, сол жолмен тасылып жатыр. Ол ақаулықтар мердігердің кесірінен пайда болған жоқ. Асфальттің дұрыс салынбауы немесе геометриялық параметрі сақталмауы немесе технологияның сақталмауынан пайда болған жоқ. Ол манағы үлкен жүк көліктері кесірінен бұзылып жатыр.
Ауыр жүк көліктерінің кесірінен жолдардың жарамсыз болуы өңірде жиілеп барады. Мәселен, Талдыапан ауылына жол салған ауыр техникалар екі жыл бұрын Чапаев – Казталов жолының 90 шақырымын ойқы-шойқы қылыпты.
Қадер Нұрғалиев, Казталов ауылының тұрғыны:
- Биыл сол дейтін тесігі көбейіп кетті. Қанша жөндесе де, орнына келмейді ғой бір бүлінген мәселе. Сондықтан қазіргі таңда көлік инспекциясына күш түсу керек. Солар бақылау жасамаса, бізде қазір үлкен машиналар «Шахман» жүкті көбірек тиеп алып, жолымызды бүлдіреді. Бәлен жылдан жасалып жатқан, күткен халықтың жолы, миллиардтап ақша саламыз, сосын екі-үш жылда бүлдіріп жатырмыз.
Бүгінде өңірдегі жергілікті маңыздағы жолдардың 56% асфальтталған. Үш жыл бұрын ол көрсеткіш 28% аспайтын еді. Атқарылған іс аз емес. Биыл да облыстық және аудандық жолдардың құрылысына 44 миллиард теңге бөлініпті. Өкініштісі, осы қыруар қаржыға салынған жолдардың көпке бармай бүлініп жататыны. Ал көліктік бақылау инспекциясы өздеріндегі екі жылжымалы бекеттің аймақтағы ауыр жүк көліктерін толық қадағалауға жеткіліксіз екенін айтады.
Рақымберді Ашкеев, БҚО көліктік бақылау инспекциясының басшысы:
- Бөкей Ордасы аудандарына, Жәнібек аудандарына жаңадан жол салынып жатқан, Ақжайық ауданына бару керек. Соның барлығына қалай? Оның барлығына үлгеретін жағдай жоқ. Бірақ анда-санда барып, рейд жасап тұрамыз. Ол рейд деген не? Рейд барамыз, бәрі жақсы біледі. Біреуін ұстап алып, әкімшілік хаттама толтырғанда қалғандары тоқтай қалады. Біздің де осы жерді басқарып отырғаннан кейін жүрегім ауырады жолдың бұзылып жатқанына.
А»уыр жүк көліктерін үнемі тексеріп, жолға түсер салмақты белгілі шектен асырмау үшін автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату керек», – дейді мамандар. Келешекте Орал қаласында 7, өңір жолдарына 8, барлығы осындай 15 қондырғы қою көзделген. Алайда ол жұмыстардың қашан жүзеге асатынын көліктік бақылау инспекциясы да, облыстық автомобиль жолдары басқармасы да нақты айта алмай отыр.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов