Таразда құмар ойынға тәуелділер бір жылда 70-тен астам қылмыс жасады

Таразда құмар ойынға тәуелділер бір жарым жыл ішінде 70-тен аса қылмыс жасаған.

Оның көбі ұрлық. Мұндай көрсеткіш құқық қорғау органдарын алаңдатып отыр. Сондықтан әкімдікпен бірігіп алдын алу шараларына кірісті. Оның ішінде мектептерде ақпараттық- түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай жиынның бірі бүгін оқушылар сарайында өтті.

Құмар ойынға тәуелділік оңай ақша табам деген ойдан туады, - дейді прокурорлар. Ал қарызға батқан соң арты қылмысқа апарады. Мысалы 2023 жылы 9 млн теңге қарызданған қала тұрғыны өз-өзіне қол жұмсаған. Ал биыл 14 жастағы жеткіншек құмарлықтың салдарынан суицид жасады. Ұрлық жасап сотталып жатқандары да бар.

Ердос Мақашев, облыстық прокуратураның басқарма бастығы:

- 2024 жылы 60-қа жуық қылмыс орын алған болса биыл, лудоманиямен байланысты 10 қылмыс тіркелген. Енді оны оң нәтиже деп айтуға болады. Бұл бағытта біз әртүрлі жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.

Конференцияға ата-аналар, жоғары сынып оқушылары мен психологтар және құқық қорғау мамандары қатысты. Басқосуда 17 жыл бойы құмар ойынға салынып, бүгінде қалыпты өмірге қайта оралған тұрғын қатысты. Ол өз оқиғасымен бөлісіп, лудоманиядан арылудың жолдарын айтты.

Айбек Бектеміров, Алматы қаласының тұрғыны:

- Тәуелді адам ешқашан оңалтылмайды. Жазылмайды. Ол енді бүкіл өмірге қалатын ауру. Онымен күресі тек қана күрделіпті бірнәрсе істеу, оқу, даму әртүрлі әрекеттер істеу керек. Негізі мен бір ай тұрып қалсам сол қауіпті.

Биыл Таразда кәмелетке толмаған 88 жеткіншек үйінен қашып кеткен. Олардың 23-і дәл осы құмар ойынға тәуелді екені анықталды. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін әкімдік жылдық жоспар жасады. Қазір құқық қорғаушылар мен психологтардан құралған арнайы топ оқу ордаларында кездесулер өткізуде. 

Ұлана Сламбекова, қала әкімінің орынбасары:

- Жыл басынан ауқымды 7 іс шара өткіздік. Ол мектеп оқушылары арасында лудоманияның алдын алуға арналған іс шаралар. Студенттермен кездесулер. Билбордттар мен лэд экрандардарда орналастырылған ойынқұмарлықты насихаттайтын ақпараттық материалдарды жалпы 47 матераиалды біз алдырып тастаған болатынбыз. 

Букмекерлік кеңселерге мемлекеттік бақылау күшейтілді. Ал Тараз әкімдігі лудоманияның алдын алу үшін шаһарағы 49 компьютерлік клубтармен меморандумға отыратын болды. 

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә