БҚО-да құбыры бар елді мекендердің халқы ащы су ішуге мәжбүр

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданындағы Жасқайрат елді мекеніне былтыр жер асты су көзінен 400 миллион теңгеге құбыр тартылған еді. Алайда тұрғындар жаңа құбырдан ақау шыққанын айтады. Осы Күйгенкөл округіне қарасты Көлтабан, Құрсай, Өнеге ауылдарына орнатылған су тұщытатын кешенді блок-модульдар бір айға жетпей істен шыққан.

Қазына қаржысын мақсатсыз жұмсап, ысырап қылудың жарқын үлгісін Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылдық округінен айқын аңғаруға болады. Округтегі 4 елді мекеннің 4-і де құжат жүзінде сумен қамтылды делінгенімен, іс жүзінде басқаша. Құрсай, Көлтабан және Өнеге ауылдарында мынадай модульді су тұщыту қондырғылары орнатылған. Бірақ ешқайсысы жұмыс істемейді. Өнегеде тұрғындар бір шелек те таза суды пайдаланбаған.

Карл Мәжитов, Өнеге ауылының тұрғыны:

- Былтыр құрды, былтырдан бері ешқандай су алып көргеніміз жоқ. Су ащы болды. Жерге ағызып та көрдік бірталай, тұщытайын деп едік. Онымен тұщытқан жоқ. Сонымен жабылып қалды. Ауылдың ауыр мәселесі сол. Қазір суды жер құдықтан аламыз. Халықтың бәрі барғанда су жетпейді.

Кешенді блок-модульдан бір тамшы да тұщы су тұтынбаған өнегеліктерге қарағанда құрсайлықтардың жолы болды. Олар 10 млн-ның қондырғысын екі апта қолданыпты. Содан кейін сүзгі бітелген. Ауыл ауданға, аудан облысқа сілтеген. Атқа мінерлерден қайыр болмасын түсінген тұрғындар сайдың ішінен өздері құдық қазып алған. Ащылау болса да, содан ішуге мәжбүр.

Гүлбаршын Хайрушева, Құрсай ауылының тұрғыны:

- Ашып кеткен жағдайда, топырақтың дәмі шығып кеткен жағдайда соны тазалап іше береміз ғой. Басқалай судың көзі жоқ. Жаңадан қондырып, су тұщытатынымыз пайдасыз болып қалды ғой. Фильтрі пайдасыз ба?

Ал Күйгенкөл ауылдық округінің орталығы Жасқайрат ауылына былтыр 10 шақырым жерден су құбыры тартылған еді. Оған 400 млн теңге жұмсалыпты. Нысан күзде салтанатты түрде ашылған. Бірақ ауылға жерасты су көзінен бір күн де су берілмеген. Қазір тұрғындар ашық айдыннан тартылған ескі құбырды қолданады. Оның өзін қайнатып ішеді.

Жеміс Бисенова, Күйгенкөл ауылының тұрғыны:

- Жаңадан тартқан суды удай ащы дейді. Қанша үкіметтің ақшасы шықты. Үйде отырып ойлаймыз ғой, оны алдын ала бәрін зерттеп алып, судың қоры жете ме, жетпей ме, барлығын өлшеп-пішіп алып, сосын барып неге істемейді деп ойлаймыз ғой. Неге солай жасамайды? Үкіметтің ақшасы тек желге шашып отыр ғой.

Шынында да, жерасты суы ащы болса, ол жерден неге құбыр тартады? Егер су қоры жайлы ақпарат қате болса, әкімдік неге су көзін іздеп-барлаушы мекемені сотқа бермейді? Осы сауалды аудан басшылығына жолдағанбыз.

Мирболат Бисенов, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары:

- Ол жерде тұщы су көзі болмады ғой. Ол жерде ащы емес. Басында тексерілгенде судың көзі тұщы болып белгіленді. Ащы су емес, су көзі ащыға жақын дейді ғой. Ащы емес. Соны дұрыс қолдану керек қой. Құрылыс нысаны біткеннен кейін нысанды қабылдап алып, «Жолаушы» мекемесіне берейін деп тұрмыз ғой. Құрсай, Көлтабан, Өнегеге үшеуіне де КБМ орнатылды. Қазір олар да істеп тұр.

Аймақтың ауыз суына жауапты құрылыс басқармасы да аталған ауылдарда тіршілік нәріне тапшылық жоқ дегеннен танбады. Жоғарыға жалған ақпар кетіп жатыр ма деген сауалымыздан кейін ғана мәселеге көңіл бөлетін болды.

Нұркен Молдашев, БҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Қаражат біз арқылы өтеді. Аудан әкімдігіне бергеннен кейін өздерінде ТҮКШ бар, құрылыс бөлімі бар аудан әкімдіктерінде. Сондықтан өздері қабылдап, конкурс өткізіп, жұмыстарын қабылдайды. Біздер ол жақтарын көргеніміз жоқ. Бірақ алдағы уақытта жұмыс жасайтынын-жасамайтынын көріп барып келу жоспарда бар.

Азаматтардың әл-ауқатын арттырып, тұрғындардың тұрмысын түзеуге мемлекет тарапынан қыруар қаржы қаралып отыр. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов