Оңтүстік өңірде туристік маусым басталды
Түркістан облысында белсенді туристік маусым ашылды, деп хабарлайды 24KZ. «Күніне жүздеген турист Сайрам-Өгем ұлттық паркін, Ақсу-Жабағылы қорығы мен Қасқасу шатқалын көруге аттанады. Дегенмен саяхатшылар қауіпсіздік ережесін елемейді», – дейді құтқарушылар. Тіпті кейбірі туыстарына жүретін жолы туралы да ақпарат бермейді. Салдарынан оқыс оқиға кезінде іздестіру-құтқару жұмыстарының ұзаққа созылатынын айтады.
Ақсу-Жабағылы қорығының таңы ерекше атады. Құстардың сайрағаны жанға шуақ, тәнге қуат береді. Осылайша тау соқпағымен сапарыңыз басталады. Әмина Қалдыбаева достарымен бірге саяхаттағанды ұнатады. «Табиғаттың тылсым сырына қанығып, өзіңді осы әлемнің бір бөлшегі ретінде сезінесің», – дейді саяхатшы.
Әмина Қалдыбаева, турист:
- Жамбыл облысының сұлулығын қараңызшы. Мен осында дүниеге келдім, бірақ қазір Германияда тұрамын. Бәрібір туған жер өзіне тартады. Таудың саф ауасы. Керемет көрініс. Ақша бұлттар. Бәрі де жаныма жақын.
Еліміздің оңтүстүстігінде әсем табиғатты көруге асығатындар көп. Күніне жүздеген турист Сайрам-Өгем ұлттық саябағын тамашалап, жаяу серуендейді. Қазығұрт тауларына шығады. Қасқасу жолында аялдайды. «Дегенмен қауіпсіздің мәселесін назардан тыс қалдырмау керек», – дейді мамандар.
Оразгелді Дүйсен, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
- Төле би ауданында демалыс аумағында, соның ішінде 75 жылғы азамат өзі тіркеліп, достарымен шыққан 3 адам. Яғни айтып кеткен осы бағытқа барып, осы жерден қайтамыз деп. Соның арқасында құтқарушылар сол айтылған бағытында барып, азаматты құтқарып, құздан шығарып, дереу кезде аман алып қалды. Ол да бір маршруттың айтып кеткенінің әсері. Егер айтпаған жағдайда әртүрлі жағдай болып қалуы мүмкін.
Данияр Рашидов, гид:
- Тауға бару керек. Барғанда да дайындалып, дұрыс киініп немесе білетін адаммен қосылып, сұрап, не керегін біліп, дайындалып бару керек деп ойлаймын.
Қауіпсіздікті елемегеннің кесірінен 2021 жылы өңірде қайғылы жағдай болды. Жеті студент Сарыайғыр шатқалын тамашалауға шығып, адасып кеткен. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде 3 адам құтқарылды. Ал қалған 4 студент бір айға жуық уақыт табылмады. Кейін олардың өзенге батып кеткені анықталды. Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу үшін қазір елімізде заң жобасы қаралып жатыр. Жаңа құжатқа сәйкес саяхаттаушылар тауға шықпас бұрын жүретін маршрутын тіркеуге тиіс. «Мұндай шешімді әлдеқашан қабылдау керек еді», – дейді құтқарушылар.
Асқар Шәріп, қалалық ТЖД ресми өкілі:
- Жыл сайын ТЖМ республика аумағында құтқару жұмыстарын жүргізеді. Яғни 100-ге жуық құтқару жұмыстарын жүргізеді. Бұл дегеніміз адамдардың жоғалып кету жағдайлары, көбіне саяхатқа шығар алдында өздерінің жақындарын тіпті ескертпей кетеді. Бұл дегеніміз құтқару жұмыстары кезінде, яғни адамдардың нақты мәліметтерін іздестіру кезінде, адамдардың өзін іздестіру кезінде көптеген қиындықты тудырады.
Қазір туристер саны артып келеді. Құтқарушылар қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керегін ескертеді. Әр саяхатшының өз маршрутын үнемі хабарлап отыруы маңызды.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Катерина Попкова, Самат Нағашыбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов