Қазақстан мен ЮНИСЕФ ынтымақтастығы талқыланды
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директорымен кездесті. Жүздесуде балалар мен жастардың құқықтарын қорғау және олардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған Қазақстан мен ЮНИСЕФ арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттары сөз болды. Аида Балаева елімізде отбасын қолдау орталықтарын дамытуға көрсетілген әдістемелік және сараптамалық көмек үшін ЮНИСЕФ-ке алғыс білдірді.
Алдағы уақытта аталған орталықтардың санын 200-ге дейін жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ ерте жастағы балалардың дамуы мен ата-ана жауапкершілігін нығайту мәселелері талқыланды. Бұл бағытта «Ата-аналар айлығы» аясындағы іс-шаралар мен тиісті мемлекеттік органдарды біріктіретін жұмыс тобының құрылуы маңызды қадам ретінде атап өтілді. Кездесу қорытындысында тараптар әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.