Өскеменде тұрғын үйлердің терезелеріне құлып орнатылады 

Өскеменде көп қабатты үйлердің үстінен дауыс зорайтқышы бар дрондар ұшып жүр.

Құтқарушылар осылайша тұрғындарға терезелерге құлып орнату қажет екенін ескертеді. Оған себеп те бар. Сәуір, мамыр айларында Шығыс Қазақстан облысында екі қайғылы оқиға болды. Өскемен, Зайсан қалаларында ата-ана қарауынсыз қалған балалар терезеден құлап кеткен. Қазір олардың өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметкерлері көпбалалы отбасылардың үйіне құлып қойып жатыр. Бұл акция қыркүйекке дейін жалғасады.

Аяулым Кекиева, ТЖД басқармасының бас маманы:

- Бұл ретте ата-аналардан балаларын қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Москит торларға сенбеңіздер. Ол балаларды қорғауға арналмаған. Және де үйдегі жиһазды терезенің алдына жақын орнатпауды сұраймыз.