Қарағандыда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасымен 104 жоба жүзеге асады

Биыл Қарағандыда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасымен 100-ден астам жоба жүзеге асады, деп хабарлайды 24KZ. Тұрғындар аулаларды абаттандыру, жол жөндеу, жарықтандыру сынды мәселелерді жергілікті билікке ұсынып, орындалуын өздері қадағалайды. Бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын бақылап отырады.

Степной ықшамауданындағы аулалардың біріне ойын алаңы салынып, асфальт төселді. Кәріз, суағар құбырлары ауыстырылды. Бұрын жаңбыр жауса, ауланы су басатын. Енді «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасымен мәселе шешімін тапты. Ал Әлімхан Ермеков атындағы көшедегі мына аулаға ойын алаңын салу үшін тұрғындар бір адамдай дауыс берген. Балабақша маңайына да асфальт төсеткен.

Юлия Войтюк, қала тұрғыны:

- Ауламыз нашар жағдайда болды. Жазда шаңы шығып жатса, ал күз бен көктемде балшыққа айналатын. Сондықтан бағдарламаға қатысып, барлығын ретке келтіріп алдық. Қазір ауламыз ерекше әсем болып түр.

Ал Крылов атындағы көшедегі бұл үйде көпбалалы отбасылар тұрады. Соған байланысты аулаға балалардың жас ерекшелігіне қарай бірнеше ойын алаңы салынған. Бұл жобаны тұрғындар өздері ұсынып, құрылыс барысын бақылап отырған.

Гауһар Қасымжанова, қала тұрғыны:

- Бүл үйде көпбалалы отбасылар өте көп. Қаір ауламыз өте әдемі. Балаларымыз бұрынғыдай ойнайтын жер іздеп кетпейді. Ата-аналар терезенден қарап отырады.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына әкімдік сайты арқылы тіркелуге болады. Оның аясында абаттандыру, көгалдандыру, жол құрылысы, қоғамдық жерлерді ретке келтіру сынды ауқымды жұмыстар да істелді.

Нариман Итқарин, Қазыбек би ауданының абаттандыру бөлімінің басшысы:

- Тұрғындармен қай жерге не істеу керектігін ақылдасамыз. Жұмыс барысында да талқылаулар болады. Биылғы жобаларды жүзеге асыратын мердігерлер түгел айқындалды. Қазір 20 аулада жұмыс басталып кетті.

Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 104 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның 61-і қаланың Қазыбек би, қалғаны Әлихан Бөкейхан ауданына тиесілі. Ал келесі жылға қазірдің өзінде 82 жоба бекітілген.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит