Премьер-министр жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігін назарда ұстауды тапсырды
Бірде-бір бала назардан тыс қалмауы тиіс. Үкімет отырысында Премьер-министр осылай деп, жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударды, деп хабарлайды 24kz.
Бірқатар министрлікке оқушылардың толыққанды демалуы үшін қажетті жағдайлар жасауды тапсырды.
«Олжас Бектенов, әсіресе, лагерьлердің санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы мен нысандардың өрт пен терроризмге қарсы қауіпсіздігін бақылау қажет», - деді. Сондай-ақ су айдындары мен бассейндердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін қойды. Бұған қоса, әрбір бала орталығы мен лагерьге және көпшілік іс-шара өтетін орындарға учаскелік полиция инспекторын бекітуді тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Ата-аналарға айтарым: мектеп бітіру кештерінде, ең бастысы, жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмаған жөн. Осыған баса көңіл бөлуді сұраймын. Ата-ананың аялы алақаны мен мейірімі баланың жанын жақсылыққа бөлейді. Олардың бойындағы адамгершілік негіздері қоғамдық ортадағы іс әрекеті мен отаншылды қасиеттерінің барлығы бірінші кезекте отбасыда қалыптасады. Ешқандай министрлік ата-ана қамқорлығы мен тәрбиесін алмастыра алмайды.
Сондай-ақ Үкімет басшысы, мектепте белсенділік танытып жүрген спортшы балаларды, жарысқа тек патрульдік полициямен ғана апаруды тапсырды. «Жуырда болған жағдайды еске салып, енді өзге елді мекендегі сайысқа оқушыларды апарғанда, жолды полиция бастап жүруге тиіс», - деді ол.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Спортшы оқушылар мінген көліктердің жол апатына түсіп, қайғылы жағдайларға алып келгені баршаға аян. Сондықтан тиісті келісулер, рұқсаттар болмаса және патрульдік полиция бастап жүрмесе, спортшы балалардың өз елді мекендерінен тыс жерлерге шығуына жол бермеуге тапсырамын.