Маңғыстауда Кендірлі әуежайының құрылысы басталды
Маңғыстау облысында Кендірлі әуежайының құрылысы басталды.
Бұл Президент тапсырмасына сәйкес, аймақтың туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жоба. Нысан құрылысы биыл желтоқсанда аяқталады деп жоспарланған.
Халықаралық әуежай қолданысқа берілген соң әлемнің 16 мемлекетіне әуе рейсін ашуға мүмкіндік туады.
Бұл салынатын әуежайдың ұшу-қону алаңы. Жалпы ұзындығы 2 шақырым. Жоспарға сәйкес алаң аумағы екі метр тереңдікке дейін қазылады. Сосын оған арнайы құрылыс материалдары төселеді. Үсті тығыздалған соң жол салынып, перрон бой көтереді. Жалпы аумағы 600 гектар болатын халықаралық әуежай Жаңаөзеннен 52 шақырым жерде орналасады. Ал Кендірлі курорт аймағынан шыққан туристер ұшаққа 10-15 минутта жетеді.
Мекен Үйсенов, Кендірлі ауылының әкімі:
- 2200 ұзындығы бойынша және 35 метр ені бойынша белгілі бір самолеттердің, яғни ұшақтардың қонуына мүмкіндік береді. Және бұл әуежай Кендірлінің жалпы туристік әлеуетін арттыруға және курорттық аймақтарға қонақтардың келуіне жағдай жасау мақсатында алынып жатқан шаралар деп есептеп отырмыз. Әуежай құрылысына жоба бойынша 34.5 млрд теңгенің аумағы, бұл «Қазаэронавигация» авиациялық қордың есебінен бөлінеді деген жоспарда жүзеге асырылған. Бүгінгі таңда оның қаражаты толықтай қамтамасыз етілген.
Құрылыс алаңында вахталық қалашық салынып, 80-нен астам адам еңбек етуде. Мамандардың айтуынша, арнайы техника жеткілікті. Қосымша жұмысшылар келгесін ұшу-қону алаңын салу-монтаждауы екі ауысымға ауысады. Алдағы уақытта әуежайдың инженерлік инфрақұрылым жүйелері тартыла бастайды. Келесі кезеңде навигациялық нысандар мен жанар-жағармай сақталатын қойма салынады.
Бекнұр Қарабаев, учаске бастығы:
- Қазба жұмыстары жүріп жатыр қазір. Тереңдігі 2 метр. Қазіргі таңда 400 метрін қазып болдық. Әрі қарай 1600-дей метрі бар. Одан қалды перронымыз бар, RD-жолымыз бар самолет қонатын. Қазып жатқан себебіміз, мысалы, самолет қонған жағдайда скальный порода бар. Асты деформация бермеу үшін соны алып жатырмыз. Содан кейін 30 см тығыздап, екі метрге дейін көтереміз основания земельного полотна дейді ғой. Яғни қонған кезде асты мықты болу керек.
Қазақстан картасында жаңадан пайда болатын әуежай арқылы 16 мемлекетке рейс ашуға мүмкіндік бар. Алғашқы кезде Кендірлі курорт аймағынан ел өңірлеріне ұшақ қатынайды деп күтіледі. Ал халықаралық бағыттар бойынша әзірге Әзербайжан, Өзбекстан, Ресеймен келіссөздер жүріп жатыр.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев