Жезқазғанда заманауи автодром салынып жатыр

Жезқазғанда жаңа автодром құрылысы жүріп жатыр.

Заманауи нысан ұлытаулықтардың көп жылғы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Себебі қазір өңір тұрғындары жүргізуші куәлігін алу үшін Қарағанды мен Астанаға сабылып жүр. Жергілікті билік жаңа нысанды тамыз айында қолданысқа береміз деп отыр.

Курсант Талғат Серікбай жақын күндері автомектепті тәмамдайды. Ол осы бастан практикалық емтихан тапсыратын облысты таңдап жүр. Ең жақын автодром Қызылорда қаласында. Оның өзі 450 шақырым. Жол шығынын айтпағанда екі ортаға қатынауға кететін уақыттың ұзақтығы қинайды дейді. 

Талғат Серікбай, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Ұлытау облысында теориялық экзамен тапсырамыз, ал практика бізге өте қиын. Алдында брондау онлайн болатын. Оны да алып тастады. Қазір брондау үшін өзіміз барамыз. Қарағанды ма, Астана ма, Қызылорда ма. Ол қаражат жағынан қиындау боп тұр. Броньдаймыз да тапсыратын күні қайта барамыз. Бір емес екі рет барып тұрмыз біз. 

Жезқазғандағы автодром ешқандай талапқа сай келмейді. Қазір курсанттар практикалық сабақты осында оқып жүр. Жүргізушілер дайындайтын мектептің өкілдері жаңа автодром сұрап жүргенімізге 6 жылдан асты дейді.

Антон Венц, автомектеп директоры:

- Практикалық емтиханды алғашқы реттен сәтті тапсыру екінің біріне бұйырмайды. Курсанттардың тілегі орынды. 600 шақырымға бірнеше мәрте қатынау оңай емес.

Жергілікті билік мәселе жақында толық шешімін табады деп отыр. Жезқазғанда 1,5 млрд теңгеге заманауи автодром салынып жатыр.

Әли Бекенов, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы:

- Құрылыс былтыр басталған. Электр энергиясы мен инженерлік желілер толығымен тартылды. Қазір автодромның аумағын белгілеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар ол жерде автоЦОН да салынады. 

Құрылыс басына біз де бардық. Әзірге жұмыстың небары 10 пайызы ғана орындалған. Дегенмен, жауапты мамандар тамыз айында аяқтаймыз деп сендірді.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Нұрдәулет Аманкешов