Инновациялық технологиялар паркі мен Astana Hub біріктіріледі
Инновациялық технологиялар паркі мен Astana Hub біріктіріліп, олардың қатысушылары үшін бірыңғай құқықтық алаң құрылады, деп хабарлайды 24kz.
Бұл мемлекеттік қолдау құралдарын оңтайландыруға, сондай-ақ функциялардың қайталанбауын қамтамасыз етеді. Мәжіліс тиісті заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Ондағы түзетулер саладағы мемлекеттік қолдау мен қызметті жақсартуды көздейді. Бұған дейін заңнамалық өзгерістер Astana Hub-тың IT саласындағы табысты тәжірибесін басқа инновациялық бағыттарға кеңейтуге мүмкіндік беретіні айтылған.
Атап айтсақ, бұл құжат бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Айтуар Қошмамбетов, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі:
- Заң жобасы бірінші «Инновациялық технологиялар паркі» кластерлік қорын және Astana Hub Халықаралық технопаркін біріктіруге және оның қатысушылары үшін бірыңғай құқықтық алаң құруға; екіншіден, «Ұлттық инновациялық жүйенің» бірыңғай терезесі арқылы инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету рәсімдерінің ашықтығын арттыруға; үшінші венчурлік қорларды қаржыландыру кезінде конкурстық іріктеуді және тиімділікті бағалауды қамтамасыз етуге бағытталған.