Ел бойынша 1800-ден астам көлік заңсыз тіркелген

Кейінгі үш жылда ел бойынша 1800-ден астам автокөлік заңсыз тіркелген.

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Төлемнен жалтару фактілері бойынша 88 қылмыстық іс тергелді. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 12 млрд теңгеге жуықтаған. Күдікке ілінген 70 адамның ішінде Әкімшілік полиция басқармасының басшылары мен қызметкерлері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері және нотариустар бар. Тиісті шаралар нәтижесінде мемлекетке 900 млн теңге көлемінде алым төленді. 

Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:

- Сонымен қатар құны 31 млрд теңге болатын 1 500 автокөлікке және 968 млн теңгенің күдіктілерге тиесілі мүлкіне тыйым салынды. Мысалы, Ақмола облысында Әкімшілік полиция басқармасының қызметкері бар топқа қатысты үкім шығарылды. Олар 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта 55 жүк көлігін заңсыз бастапқы тіркеу арқылы мемлекетке 401 млн теңге көлемінде залал келтірген. Сот оларды 2,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды.