Атыраулық ата-ана отбасылық құндылықты дәріптеуімен үлгі көрсетіп отыр
Отбасы – әр адамның алтын діңгегі, ыстық ұясы.
Әке балалар үшін тұғырлы тұлға болса, ана – шаңырақтың ұйытқысы. Әр баланың азамат боп қалыптасып, дамуы жолында ата-ананың орны айрықша. Ал ата мен әже беретін тәрбиенің маңызы тіпті бөлек.
Жастайын айтыста топ жарып, талантымен танылған белгілі айтыскер ақын Нұржан Өмірбай бүгінде жары Арай екеуі 5 бала тәрбиелеп отыр. Өзі де көп балалы отбасында дүниеге келген Нұржан қазір ұл-қызын қазақылыққа баулып, балаларының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп келеді. Әке – отбасын асыраушы ғана емес, бойында мейірім мен қаталдығы қатар жүретін құрметті тұлға, дейді ақын.
Нұржан Өмірбай, қала тұрғыны:
- Біздің үйде мен, әкесі, басты жауап беретін міндетім – балаларды қорғау. Қорғаныш қызметі. Анасы, ананың басты міндеті – мейірім-махаббатпен өсіру, балаларды қатыгез қылмай, олардың жылы құшағы, ыстық алақаны қашанда жанында екенін сездіру. Және аяулы әжелері. Әже деген – ол үлкен мектеп, үлкен институт.
Нұржанның тұңғышы, әжесінің еркесі Хақназар биыл бастауыш мектепті үздік аяқтады. Әженің нақылын, әкенің ақылын, ананың мейірімін бойына жиып өскен Хақназардың жеткен жетістігі де мол. Әкесімен бірге мәдени іс-шараларға да қатысады.
Хақназар Төленді, Нұржан Өмірбайдың ұлы:
- Мен сабақтан бос уақытымда спортпен және домбырамен айналысамын. Менің ойымша, әр қазақ домбыраны тартып білуі керек.
Нұржанның ұл-қыздары шетінен өнерлі. Еркеназ күміскөмей әнші. Зере суретші. Ал Ділдә есімді қызы әуелетіп ән айтып қана қоймай, мың бұралып билейді. Кенжесі Қасым – үйдің еркесі. Олардың осылай еркін өсіп, өнерге жақын болуы – әжесінің өнегесі, дейді Нұржан. Себебі бұрынғы мен қазіргіні сабақтастырып, үнемі ақыл айтар әженің тәлімі бөлек.
Майра Өмірбаева, қала тұрғыны:
- Отбасында әженің балаларға көрсетер тәрбиесі өте зор деймін. Өзім енді немерелерімді қазақтың салт-дәстүрін, қазақтың ұлттық тағамдарын үйретуге, солай қарай баулимын. Қазақтардың, өзіміздің ұлттық мерекелердің бәрінде немерелерімді қасыма алып отырып, мерекелердің тәрбиелік мәнін ашып айтуға атсалысамын.
Нұржан мен Арай балалардың мектептегі, балабақшадағы іс-шараларынан да қалыс қалған емес. Үнемі білім ордаларымен байланыс орнатып, әр баланың дамуына ерекше көңіл бөледі.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин