Алаяқтықпен күресу үшін жаңа жүйе іске қосылды

Қазақстанның қаржы жүйесі алаяқтықпен күреске ден қойды.

Бұл үшін арнайы орталықтар құрылған. Бұл әсіресе ғаламтор арқылы жасалатын қылмыстарды тоқтатуды жеңілдетіп отыр. Елде әр 100 төлемнің 98-і онлайн жасалатындықтан бұл қадам азаматтарымызды қорғауға тиіс. Дегенмен, бар тапқанынан айырылып жатқан отандастарымыздың қарасы азаймай тұр. Бұған не себеп? 

Бұл жүйені Ұлттық банк былтыр іске қосты. Алаяқтыққа тән транзакциялар бойынша дерек алмасу орталығы немесе антифрод-орталық деп аталады. Былтырдан бері жүйе 2,2 млрд күмәнді транзакцияны тоқтатқан. Ол үшін еліміздегі ұлттық цифрлық инфрақұрылым жасақталған. Яғни Қазақстанда жасалған кез келген төлем не банк аударымдары ел ішінде өңделеді. Бұл жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық дербестікті сақтау үшін де маңызды дейді  банк өкілдері.

Бинұр Жәленов, ҚР ҰБ Төрағасының кеңесшісі:

- Биыл Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып ISO 20022 халықаралық стандартына көштік. Нәтижесінде екі маңызды жетістікке жеттік. Біріншіден, біз дүниежүзілік қаржы жүйесінен шет қалмаймыз. Өйткені жыл соңына дейін барлық елдер осы жүйеге көшеді. Екіншіден, бұл жүйе еліміздегі төлем жүйелерінің өткізгіштік қасиетін үш есе көбейтті. 

Ұлттық банк қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің, яғни криптовалюталардың айналымын да ретке келтірмек. Ол үшін криптоайырбастау платформа операторларының құқықтық мәртебесін бекіту және олардың қызметін лицензиялау көзделген. Сонымен қатар арнайы талаптар бекітіліп, аталмыш операторлардың қызметі қадағаланбақ.

Ерлан Ашықбеков, ҚР ҰБ Төлем жүйелері департаментінің директоры:

- Осылайша Қазақстанның жалпы юрисдикциясында қатысушылардың жаңа санаты — криптовалюта айырбастау жөніндегі қызмет провайдерлері енгізіледі. Олар қызметін лицензия негізінде және Ұлттық Банктің қадағалауымен жүзеге асырады. Провайдерлер криптовалюталарды фиат ақшаға айырбастаумен айналысады. Мұндай ұйымдар арқылы сатып алуға немесе сатуға болатын криптовалюталардың тізімін Ұлттық Банк бекітеді.  

Осылайша қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің реттелетін айналымын кеңейтіп, жүйелік тәуекелдерді азайту және тұтынушының құқығын қорғау көзделген. Осыған ұқсас тәжірибе ЕО, БАӘ, Сингапур, Гонконг, Швейцария және басқа елдерде кездеседі.