Су тапшылығы мен ысырапты тоқтатуға бағытталған жаңа шаралар қолға алынды

Біздің елде де су мәселесі өзекті. Мәселен ауылдағы ағайынға қолдан тоған соғып, қар суын жинап алуына болады, деп хабарлайды 24kz.

Ол үшін арнайы рұқсат алудың қажеті жоқ. Тек су қоймасының көлемі шектеледі.

Бұл туралы жаңа Су кодексінде айтылған. Тағы бір ескеретін тұсы – гидротехникалық нысан экологиялық қауіпсіздік талаптарына сай болуға тиіс. Яғни, өзен-көл сияқты табиғи су көздерімен байланыспауы керек. Басқа қандай талаптар бар?

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Жаңа кодекс уақыт талабына қарай түзілді. Яғни, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы барлық мүмкіндіктер ескерілді. Диқандардың су қоймасын салуына рұқсат берілуі де сөзімізге айғақ.

 ***

Диқанның тоған салып, су жинауына рұқсат берілді

Су қоймасын салу үшін бума-бума құжат жинаудың қажеті жоқ. Тек су қоймасының көлемі 2 млн текше метрден аспауы шарт. Ал су қоймасын тұрғызып болған соң мүлік иесі бассейндік су инспекциясына хабарласып, нысанды арнайы тізімге енгізуі қажет. Бұл ереже диқандарды суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін енгізіліп отыр. Сондай-ақ халықты тіршілік нәрімен барынша қамтамасыз ету мақсатында елдің 9 облысында су құбырын тарту бойынша 30 жоба жүзеге асып жатыр. Яғни, Ақмола, Атырау, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында ауқымды жұмыс басталды. Бұл құбырлар шамамен 1 миллион 300 мың адам тұратын 468 елді мекенге су жеткізеді.

Ерболат Ибрайханов, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:

- Президенттің қазақстандықтарды ауызсумен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында былтыр топтық су құбырларын салу және қайта жаңарту бойынша 8 жоба аяқталды. Жұмыстар еліміздің алты өңірінде, яғни, Ақмола, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында жүргізілді. Соның нәтижесінде 208 мың адам тұратын 49 елді мекенде сумен қамту жағдайы жақсарды.

***

Суармалы судың 98%-ін бес облыс тұтынады

Балқаш көлінің деңгейі 12 см-ге көтерілді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметі бойынша жыл басынан бері көлге Қапшағай су қоймасынан 3 млрд 800 млн текше метр су жіберілді. Су көлемі бір жылда 2 млрд текше метрге артты. Жалпы былтырғы қазан айынан бері тартылған өзен-көлдерге су қоймаларынан 15 млрд 700 млн текше метр су құйылды. Бұл су суару маусымын ойдағыдай бастауға ықпал етіп отыр. Суару маусымы қарсаңында елдегі 627 шақырым канал тазартылды, 488 гидротехникалық нысан жөнделді. Бұл жұмыстар оңтүстікте қызу жүріп жатыр. Себебі суармалы егіншілік еліміздің оңтүстік өңірлерінде жақсы дамыған.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- Жыл сайын егін суаруға жұмсалатын 12 млрд текше метр судың 98%-ін еліміздің оңтүстігіндегі бес өңір – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстары тұтынады. Біз шығынды азайту үшін су үнемдейтін технологияларды енгізуге ынталандыратын шаралар қабылдадық. Атап айтқанда, технологияларды орнатуға және оларды орнатқан шаруашылықтардың пайдаланған суына субсидия беріледі. Сонымен қатар дақыл түріне және суды тұтыну көлеміне қарай суармалы суға сараланған тариф енгізу мәселесі қаралып жатыр.

***

Сәтбаев каналы тозды

Елдің орталығы үшін Сәтбаев каналының маңызы зор. Ертістен су тартатын канал Қарағанды, Павлодар облыстары мен Астана қаласын тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді. Канал суын өңірлердегі өндірістік нысандар мен шаруа қожалықтары да пайдаланады. Жалпы ұзындығы – 458 шақырым. Алайда канал ескіріп тұр. Жобалық қуаты 2 млрд текше метр болатын канал 400 млн текше метр шамасында су өткізіп отыр. Бүгінде каналда жаңғырту жұмыстары басталды. Оның аясында 19 сорғы мен станциялардағы электр жабдықтарын алмастыру көзделген. Канал 2028 жылға дейін толық жөнделеді деген жоспар бар.

Ерболат Ибрайханов, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:

- Халық саны мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың көбеюіне байланысты канал суына сұраныс өсіп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік нысанды жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Нәтижесінде елді мекендер мен өндіріс орындарын сапалы сумен қамту деңгейін көтеріп, каналдың ұзақ әрі қауіпсіз қызметін қамтамасыз етуді көздеп отырмыз.

 ***

Су ұрлағандарға ₸48,4 млн айыппұл салынды

Жер-жердегі бассейндік инспекциялар су ұрлайтындарды тыюға білек сыбана кірісті. Былтыр инспекторлар 439 мәрте тексеруге шығып, 1855 заңбұзушылықты анықтады. Сөйтіп, жалпы сомасы 48 млн 400 мың теңге болатын 582 айыппұл салды. Жалп, жаңа Су кодексі су саясатын тиімді жүргізуді, су қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Кодексте еріген қар суын жинаудан бастап, инфрақұрылымды жаңарту, судың «көлеңкелі нарығын» жою және трансшекаралық су мәселелерін шешу мәселелері қамтылған. Бұл жұмыстардың жүзеге асуы елдегі су қорын ұқыппен кәдеге жаратуға жол ашады. Яғни, осының арқасында жылына 10 млрд текше метрге дейін суды үнемдеуге болады.