Батыр баба рухына тағзым: Бимырзалар әулетінің Ресейге сапары

Бимырзалар әулеті жыл сайын Ресейге сапар шегіп, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан аталарына тағзым етеді. Бұл дәстүр олардың өмір сүру салтында әдетке айналған. Себебі әулет үлкендері батыр баба рухына құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы деп санайды.

Бимырзалар әулеті биыл да жылдағы дәстүрден жаңылмай, Ресейдің Псков облысына арнайы барды. Дәлірек айтсақ, Пушкиногорск ауданында сұрапыл соғыс жылдары қайтыс болғандар жерленген «Бауырластар қабірі» бар. Онда 3 мыңнан аса адам жатыр. Соның 40%-і қазақстандық жауынгер. Олардың арасында Жұмабек Бимырза да бар.          

Тұрсынғали Жақыпбеков, соғыста қаза тапқан Ж. Бимырзаның інісі:

- Осында келіп, басына топырақ салып кетейін деп армандап жүр едім. Алыстан Мәскеуге дейін ұшып келдік. Бері қарай машинамен де, жаяу да келіп жеттік. Өзіміздің арманымыз орындалды. Немерелеріміз келіп отыр. Осындағылардың бәрі – Жұмабек ағамыздың туысқандары. Немерелері, шөберелері, бауырлары, қарындастары. Соған біз қуанамыз.  

Капитан Жұмабек Бимырза соғыс жылдарында әскери дәрігер болған. Алайда жау жақтан окопка атылған 12 снарядтың бірі госпитальға түсіп, ота жасап жатқан жерінде қаза табады. Ол сол кезде небәрі 26 жаста болатын.  

Жұмаш Нұржауов, соғыста қаза тапқан Ж. Бимырзаның інісі:

- Біз жыл сайын келеміз. Қазір 3-ші рет келіп отырмыз. Менде материал бар. Осы балалардың 6 жасында түскен суреттері бар. Одан кейін 9 жаста түскендері бар. Қазір алды 16-ға толып отыр. Солар әскери форма киіп, бәрі атасының басына тағзым жасайды.  

«Бауырластар қабірінде» жатқандардың барлығы дерлік 1944 жылы Мәскеуді қорғау жолында ерлікпен шайқасып, қаза тапқан. Алайда Жұмабек Бимырзаның ұрпақтары оның жерленген жерін ұзақ іздеп, 2010 жылы табады.

Елдос Бимырза, соғыста қаза тапқан Ж. Бимырзаның інісі:

- Біздің бала-шағамыз білсін, ертең осындай соғыс қайталанбасын деп осындай тәрбие көрсетіп жатырмыз. Қазақстаннан 80-нен астам адам келдік. Үлкен көшті 85-ке келген атам бастады. Артынан ілесіп келе жатқан немерем 2 жаста. Елімізде тыныштық болсын. Ауызбіршілік болсын. Соғыстан аулақ болайық.  

Кейін Қазақстандық делегация Чертова Гора ауылы маңындағы екінші қабірге барып, мемориалды тақтаға гүл шоқтарын қойды.

Қазір Қазақстаннан келген делегация майдангерлердің рухына тағзым етіп, құрмет көрсетіп жатыр. Мұнда бейресми дерек бойынша 8 мыңнан астам адам жерленген. Бірақ оның қаншасы қазақстандық азамат екені белгісіз. 

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Аталарымызды ұлықтап, еске алып келіп отырмыз. Бұл кісілердің ерлігі зая кеткен жоқ деп білеміз. Күні кеше Президент Тоқаев айтқандай, Ұлы Жеңістің шешуші шайқастарында біздің аталарымыздың үлесі ерекше.

Әр жауынгердің ерлігі ұрпақ жадында. Олардың есімі әркез есте, ал ерлігі жүректе сақталатыны сөзсіз. Оған осы Бимырзалар әулеті дәлел.

Авторлары: Мерей Қанапия, Артур Горяшников