Өскемендегі жекенің қолына өткен технопарк мемлекетке қайтарылды
Өскеменде осыдан бірнеше жыл бұрын заңсыз жолмен жекеменшік қолына өтіп кеткен «Алтай» технопаркі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Енді бұл ғимарат қайтадан ғылыми жобалар жүзеге асатын орталыққа айналады. Яғни мұнда түрлі зертханалар ашылып, техникалық университет қабырғасынан шыққан медициналық бұйымдар көпшілікке таныстырылады. Осылайша 1,5 млрд теңге актив отандық технологияны дамытуға жұмсалады.
Шығыс Қазақстан техникалық унверситетіне қарасты «Алтай» технопаркі 2008 жылы құрылған болатын. Ол бірден ғылыми инновациялар тоғысқан орталыққа айналған еді. Алайда он жылдан соң сол кездегі оқу орны әкімшілігінің заңсыз әрекеті салдарынан 8 мың шаршы метрді алып жатқан нысан жеке қолға өтіп кетті. Үлкен кешеннен айырылып қалу, ғылыми жобалармен айналысып жүрген ондағы ұжымға оңай тимеді.
Сәуле Рахметуллина, Д.Серікбаев атындағы ШҚ техникалық университетінің ректоры:
- Медициналық кластерді дамытып отырған ұжым үшін бұл үлкен соққы болды. Өйткені ол жер сатылып кеткен соң жұмыс істейтін аумақ азайды. Ал негізінен технопарк резидентттерді және жаңа компанияларды серіктестікке шақыруға өте тиімді. Яғни инновациялық шешімдер іздеп, тәжірибелік жұмыстар жүргізуге ыңғайлы.
«Заңсыз шығарылған активтерді қайтару» жөніндегі Президент тапсырмасына сай технопарк енді қайта мемлекет қарамағына өтті. Мамандардың айтуынша, бұл шаруа жарты жылдан астам уақытқа созылған.
Еркебұлан Мусин, ШҚО Экономикалық тергеу департаменті Тергеу басқармасының басшысы:
- Қаржы мониторингі агенттігінің аумақтық департаменті облыстық прокуратурамен бірлесе отырып, сотқа дейінгі тергеу барысында 2018-2020 жылдары Шығыс Қазақстан техникалық университетінің бұрынғы проректоры «Алтай» технопаркіндегі 78% басым үлесті жеке меншікке бергенін анықтады.
Бұл үлестің жалпы құны – 1,5 млрд теңге. Қазір осы актив мемлекетке, яғни университетке қайтарылды. Технопарк енді өзінің әу бастағы міндетін жалғастырыпп, ғылыми жобалар мекеніне айналады. Мұнда ауыл шаруашылығына арналған инновациялық жабдықтар мен медициналық бұйымдар таныстырылады.
Бағдат Азаматов, «Алтай» технопаркінің бас директоры:
- Соның бірі медициналық бұйымдар нарыққа шығарылады. Ол - травмотологиялық, ортопедия саласындағы импланттар. Бүгінгі күні Н. Батпенов атындағы Ұлттық травмотология орталығымен бірлесе отырып, алты түрлі имплант жасадық. Олардың клиникалық сынағы аяқталып келе жатыр.
Демек медицина саласында отандық өндіріс қарқын алады деген сөз. Айта кетсек, әзірге елімізде медициналық бұйымдардың 99 проценті шет елден әкелінеді.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов