Астанада Қытай және Орталық Азия серіктестігін дамыту форумы өтті

Былтыр Қытай мен Орталық Азия арасындағы сауда-саттық рекордтық деңгейге жетті.

Өзара алыс-беріс 95 млрд АҚШ долларынан асқан. Қытай инвестициясының жалпы көлемі 30 млрд долларға жетті. Тараптар арасындағы ынтымақтастық бекіп келеді. Оны нығайтып, әлемдік беделімізді арттыруда БАҚ өкілдерінің де маңызы зор. Елордада Қытай және Орталық Азия серіктестігін дамыту жөніндегі форум басталды. Ауқымды шара алдында Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларына арналған хатын оқыды. 

Арман Қырықбаев, ҚР Президентінің Ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі:

- Мемлекеттеріміздің арасындағы қарым-қатынас күн өткен сайын нығайып келеді. Себебі біздің ынтымақтастығымыз тату көршілік, мызғымас достық пен стратегиялық серіктестік қағидаттарына негізделген. Осы жылы Қазақстанда Қытай туризмі жылы деп жарияланды. Соның аясында өзара түсіністік пен ықпалдастықты тереңдете түсуге арналған ауқымды жобалар ұйымдастырылды. Бүгінгі басқосуда елдеріміздің БАҚ байланысын одан әрі жақсартуға мүмкіндік беретін маңызды ұсыныстар мен салмақты ой-пікірлер айтылады деп сенемін.

Форумға қытайдың «Синьхуа» ақпараттық агенттігі мұрындық болған. Басты мақсат – Жібек жолы бойындағы медиа байланысты нығайту, жаңа мүмкіндіктерді кеңейту, мәдени мұраны сақтау және энергетикалық қауіпсіздікке қол жеткізу.

Фу Хуа, Синьхуа ақпараттық агенттігінің бас директоры:

- Біз Қытай-Орталық Азия достығын нығайтуымыз керек. Бұл жалпы адамзат тағдыры үшін маңызды. Біздің елдің басшысы барлық елге үлкен-кіші демей бірдей қарауға, егемендігін құрметтеуге үндейді. Осы орайда біз ШЫҰ сияқты ортақ бастамаларымыздың қағидаттарын адал орындауымыз керек. Біз ұдайы өзара түсіністікті алға тартуымыз керек. Қытай мен Орталық Азия болып халықаралық әділеттілікті қамтамасыз етуге тиіспіз.

Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:

- Орталық Азия қазіргі уақытта Еуропамен арадағы сенімді көпір және транзиттік хаб қана емес, сонымен қатар орасан инвестициялық, сауда-экономикалық, туристік және мәдени-гуманитариялық әлеуеті зор сапалы өсудің жаңа нүктесі деп саналады. Бұл кеңістікте біздің еліміздің Қазақстанның, жалпы Орталық Азияның орны ерекше.

- Форум қатысушылары БАҚ саласындағы байланысты арттырудың маңызы зор дейді. Кейінгі кезде Орталық Азия елдері мен Қытайдың медиа тарландары туризм, мәдени мұра бойынша ортақ жобаларды жүзеге асырып келеді. Бірыңғай ақпараттық кеңістік түзуге жол ашылды. Енді жалған ақпарат, фейкпен күресті де күшейтуге көңіл бөлінеді.