«Менің Ақтөбем» үздік аула байқауы өтіп жатыр
Ақтөбеде үздік аула байқауы өтіп жатыр. Жарысқа жасыл желекпен көмкерілген, ерекше абаттандырылған көпқабатты баспана тұрғындары мен жеке тұрғын үй иелері қатыса алады.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған байқауы облыс орталығын көгалдандырып қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ынталандырады.
Бұл көпқабатты баспана тұрғындары копператив немесе пәтер иелері бірлестігін құрмай-ақ үй шаруашылығын дөңгелетіп келеді. Тіпті аула сыпыратын жұмысшысы да жоқ. Есік алдына өсімдік пен тал-теректің жүзге жуық түрін еккен. Тазалықты сүйетін көршілер «Менің Ақтөбем» байқауында күш сынап көрмекші.
Айгүл Әбдікәрімова, қала тұрғыны:
- Өзіміздің тұрғындардың және балалардың көмегімен өзіміз сыпырамыз, ауланы суарамыз, гүл отырғызамыз. Конкурстан ұтып жатсақ балалар алаңын салуға күш саламыз.
Абаттандырылған аулалар арасында өтетін дүстүрлі байқаудың бес номинациясы бар. Көпқабатты баснапалармен қатар, әсем безендірілген жеке тұрғын үйлер, үлгі тұтарлық мекеме мен аула тазалығына жауапты үздік жұмысшы мен үздік кондоминиум жетекшісі анықталады. Қазірдің өзінде 40-қа жуық өтінім түскен.
Анар Даржанова, Қалалық мәслихат хатшысы:
- Жаңадан келіп жатқан гүлдердің, көшеттердің түрлері ерекше. Көрші елдерге демалуға барғанда тұрғындар көшет әкеліп жатады. Осыдан 15-20 жыл бұрын біздің қаламызда өрік, жүзім сирек кездесетін. Қазір көп аулада жаңа талдар, жемістер, өсімдіктер өсіп жатыр.
Байқаудың жүлде қоры да қомақты. Жеңіске жеткен көпқабатты үй тұрғындарына 1 млн теңге бұйырады. Ұйымдастырушылар шілденің 20-на дейін өтінім қабылдайды.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов